Елімізде 2017 жылдың 29 сәуірі мен 22 мамыр аралығында экология жылы қарсаңында «Тұрақты даму» жер қорының бастамасымен Ұлттық орман отырғызу күні өтпек. Бұл күндері Қазақстанның барлық қалалары мен облыс, аудандарында ағаш көшеттері отырғызылып, гүлзарлар мен саябақтар пайда болады. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті де алғашқылардың бірі болып осы іс-шараға өз үлесін қосу мақсатында игі бастаманың тұсауын кеспек.
Акция аясында 2017 жылдың 29 сәуірі күні сағ.: 10.00-деуниверситеттің бас корпусының алдында орналасқан академик А.С. Сағынов ескерткішінің артқы жанында Профессорлар аллеясы ашылмақ. Оған Орталық Қазақстан өңірі және ҚарМТУ-дың дамуына елеулі үлес қосқан атақты ғалымдар қатысады. Аллеяда шырша ағашының 30 көшеті отырғызылып, әрбір ағаштың түбіне оны еккен профессордың есімдері жазылған тақтайшалар орнатылады. Сондай-ақ аллеяны бойлай аймағымыздың ірі холдингі «Имсталькон-Теміртау» ЖШС-нің директоры, Қарағанды облыстық мәслихатының директоры Иван Георгиади тарапынан сыйға тартылған 111 сәндік ағаштар – қайың, қарағайдың көшеттері отырғызылады.
Тарихқа көз жүгіртсек, университет студенттері мен ғалымдарының білім ордасының маңына ағаш отырғызу рәсімі ескіден келе жатқан дәстүр екен. Бұл жайлы жазбалар алғаш XVI ғасырдағы деректерде пайда болған. Оба ауруы мен құрғақшылыққа қарсы күресте жеткізілген жақсы нәтижелерді тарихта қалдыру үшін Испанияның Саламанки университетінің профессорлары мен білім алушылары Леон жолдарының бойында мыңдаған ағаш отырғызған екен.
Қазір де студент жастар қаланы көріктендіру әрі экологиялық таза аймақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылатын мұндай шараларға белсене қатысады. Аталған істер жастарға экологиялық тәрбие берумен қатар, өз өлкесі және білім ордасының тарихын терең білуге,сол арқылы еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Құрметті редакторлар және журналист әріптестер! Техникалық университеттің осы бастамасын қолдап, Аллеяның ашылуы жайлы ақпаратты БАҚ-ы арқылы таратуға көмек көрсетулеріңізді сұраймыз.
Өткізілу мерзімі және уақыты: 29 сәуір 2017 ж., ҚарМТУ,
Бас корпус, Бейбітшілік бульвары 56 үй.