Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-де Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары комитетіне қарасты «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы (ТИҚО) өз жұмысын бастады.
23 сәуірде Орталық қызметі аясында Ұлттық зияткерлік меншік институты ұйымдастыруымен «Өнертабыстар мен пайдалы модельдерді патенттеу» және «Тауар белгілерін тіркеуге өтінім беру талаптары» тақырыптарында онлайн-семинар өтті.
Семинарға ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев, Коммерцияландыру кеңсесінің басшысы Гаухар Сейтқасымова, «QarTech» хабының басшысы Рустам Бузяков, Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Алексей Калинин, сондай-ақ Орталық қызметкерлері қатысты.
Орталық университеттің инновациялық қызметін дамытуға арналған заманауи алаң болып табылады және оның инновациялық экожүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Оның негізгі қызметі жоғары сапалы техникалық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ авторларға зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бекітуге және оларды құқықтық қорғау мен тиімді пайдалануға жәрдем көрсетуге бағытталған.
ТИҚО қызметінің негізгі бағыттары:
— зияткерлік меншік мәселелері бойынша ғалымдарға, студенттерге және кәсіпкерлерге консультациялық қолдау көрсету;
— патенттік зерттеулер жүргізу және мамандандырылған деректер базалары негізінде технологиялық үрдістерге талдау жасау;
— патенттер мен өзге де зияткерлік меншік объектілеріне өтінімдерді рәсімдеуге көмек көрсету;
— инновациялық жобаларды идеядан бастап іске асыруға дейін сүйемелдеу.
Орталық өнертапқыштар, зерттеушілер және стартаперлерге қолдау көрсетіп, ғылыми әзірлемелерді нақты технологиялар мен бәсекеге қабілетті өнімдерге айналдыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық зияткерлік меншік институтының ұлттық деректер базасының мәліметі бойынша, Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ 2025 жылы берілген өтінімдер саны бойынша (19 өтінім) Қазақстан бойынша 4-орынды иеленіп, Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Торайғыров университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан кейінгі орында тұр.





