Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Қобжанов Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде болып, оқу орнының негізгі оқу-ғылыми алаңдарымен танысты. Олардың қатарында Жұмысшы мамандықтар орталығы, «Нанотехнология және металлургия», «Энергетикадағы цифрлық технологиялар» ғылыми-білім беру кешендері, «Пайдалы қазбаларды кешенді игеру» зертханасы, сондай-ақ «Schneider Electric» және «Mitsubishi Electric – Қазпромавтоматика» авторландырылған оқу орталықтары бар.
Университет әлеуетімен танысқан соң облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов студенттермен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелерін талқылады. Іс-шараға Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева және Басқарма мүшесі – әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Қалықов қатысты.
Өз сөзінде Нүркен Қобжанов конституциялық өзгерістердің мемлекеттік дамудың негізгі бағыттарын нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтіп, олардың жастар үшін білім алу, еңбек ету және өзін-өзі жүзеге асыру салаларында жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. Кездесу барысында студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша жан-жақты жауап алды.














