Қарағанды қаласы биыл да Наурыз мейрамын дәстүрлі түрде кеңінен атап өтті. Тамырын тереңге жайған осынау мереке – еліміздің күнтізбесіндегі ең берекелі, ынтымақ пен татулыққа негізделген атаулы күн.
Биылғы жылы да қала билігі мен волонтерлер бұл мерекені айшықты атап өтіп, ызғарлы жел мен күннің суығына қарамай, саябаққа ағылған қала халқына қуанышты сәттер мен жылулық сыйлау үшін қолдан келер мүмкіндіктердің барлығын қарастырған сияқты.
Қаламыздың Орталық саябағындағы сарқырама баспалдақтарын бойлай, өңіріміздің барлық өндіріс орындары, түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан ақ отаулар құрылыпты. Дәл осы қатарда біздің білім шаңырағымыздың да ақ ордасы тігілді. Киіз үйдің маңында студенттердің көркемөнерпаздар ұжымының концерттік нөмірлері көрсетіліп, қала халқына арнап, әскери кафедра сарбаз асы – қарақұмық пен консервіленген ет қосылған ботқа үлестірді. 600-ден аса адам жауынгер асынан дәм татып, бойлары жылынған халық мерекелік шерулерін жалғастыра берді.
Сондай-ақ қала халқы мен қонақтары үлкен концерттік бағдарламаны тамашалап, ұлттық тағамдар мен тәтті-дәмділерден ауыз тиді. Құмай тазы, қыран бүркіт ерткен саятшылардың, ұлттық киім киген әсем ару қыздар мен ер жігіттердің жанында суретке түсіп, жаңа күнді мәре-сәре болып қарсы алды. Мерекеде бір-біріне ізгі тілектер айтып, Ұлыстың Ұлы күнінде елімізге бақ-береке, ырыс пен құт, тату өмір тілеп жатты.