Қарқаралы өңірінде қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы» Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Тарихи тұлғаның мерейтойына арналған салтанатты шараға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы да қатысты.
QARQARALY GO этноауылында ұлттық нақыштағы мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылып, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдени мұрасы дәріптелді. Қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мерекелік алаңға ерекше көрік берді.
Университет ұжымы да этноауыл төрінен арнайы киіз үй тігіп, қонақтарды қазақы дәстүрмен қарсы алды. Мұнда оқу орнының тарихы мен жетістіктері, инженерлік білім мен ғылымды дамытуға бағытталған жұмыстары таныстырылды. Ұлттық құндылықтармен сабақтасқан мазмұнды көрме тұрғындар мен қонақтардың қызығушылығын тудырды.
Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ күресі, садақ ату және қол күресінен сынға түсіп, аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге жарысында өзара мықтыны анықтады.
Салтанатты шара жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрадасы жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Күмбірлеген күй мен әсем ән мерекелік кештің көркін келтіріп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік жиын Тоқтар Оңғарбайұлының ерлікке толы ғұмыр жолын ұлықтап қана қоймай, жас ұрпаққа отаншылдық пен табандылықтың жарқын үлгісін танытқан тағылымды басқосу болды.














