AgroSky: университет ғалымдары мен жастары жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына енгізуде


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде жасанды интеллектіні нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған технологияға айналдыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осындай жобалардың бірі – ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайын талдап, фермерлерге егістікті тиімді басқаруға көмектесетін AgroSky интеллектуалды жүйесі.

AgroSky жобасы университетте жүзеге асырылып жатқан AI-Sana инновациялық бағдарламасы аясында әзірленді. Жоба командасының құрамында «Ақпараттық жүйелер және ақпараттық қауіпсіздік» мамандығының түлегі Михаил Мухаметов, студент Артур Аббазов, сондай-ақ маркшейдерлік іс және геодезия кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессоры Дмитрий Ожигин бар.

AgroSky ұшқышсыз ұшу аппаратынан алынған деректерді жасанды интеллект алгоритмдері арқылы өңдейді. Жүйе топырақ құрамын, ылғал деңгейін және өсімдіктердің жай-күйін бағалап, минералдар мен тыңайтқыштар жетіспейтін аумақтарды анықтайды. Жиналған мәліметтер негізінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге егістік алқаптарын тиімді басқаруға арналған нақты ұсынымдар қалыптастырылады.

Дәстүрлі тәсілде тыңайтқыштар егістікке біркелкі енгізілуі мүмкін. Ал AgroSky әр учаскенің нақты жағдайын ескеріп, қажетті заттарды тек тиісті аумақтарға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл тыңайтқыштарды, суды және өзге де ресурстарды ұтымды пайдаланып, топырақтың құнарлылығын арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар технология еңбек шығындарын азайтып, ауыл шаруашылығындағы бірқатар үдерісті автоматтандыруға бағытталған.

Жоба әзірлеушілерінің есебінше, технологияны қолдану өндірістік шығындарды 30 пайызға дейін төмендетіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 10–15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

AgroSky жүйесі Қарағанды облысының Абай ауданындағы егістік алқаптарында сынақтан өткізілді. Алынған нәтижелердің дұрыстығын тексеру мақсатында топырақ үлгілері Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің зертханасына жіберілді.

Зертханалық сараптама нәтижелері AgroSky жүйесі ұсынған деректермен толық дерлік сәйкес келді. Жобаның дәлдік көрсеткіші 98–99 пайызды құрады. Бұл жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жиналған ақпаратты ауыл шаруашылығы саласында нақты шешім қабылдауға пайдалануға болатынын көрсетті.

Қазіргі уақытта әзірлемеге бірқатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қызығушылық танытып отыр. Жоба авторларының пікірінше, технология тыңайтқыштар мен өзге де ресурстарды көп көлемде пайдаланатын ірі аграрлық кәсіпорындар үшін айрықша тиімді болмақ. Тыңайтқыштарды дәл әрі нысаналы енгізу өндірістік шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

AgroSky халықаралық GCIP 2025 бағдарламасының іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, шамамен 250 үміткердің арасынан таңдалған 50 үздік жобаның қатарына енді. Бұл нәтиже университет командасы әзірлеген технологияның өзектілігі мен коммерциялық әлеуетін айқындайды.

Қазір команда жүйенің функционалын одан әрі жетілдіруде. Келесі кезеңде тыңайтқыштарды белгіленген учаскелерге автоматты түрде енгізе алатын арнайы дронды пайдалану жоспарланып отыр. Мұндай шешім ауыл шаруашылығы техникасына түсетін жүктемені азайтып, жанармай мен басқа да ресурстардың шығынын төмендетуге мүмкіндік береді.

AgroSky – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде AI-Sana бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі. Бағдарлама жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне, ғылыми зерттеулерге, өндіріске және технологиялық кәсіпкерлікке енгізуге бағытталған.

Университетте жасанды интеллект тек ақпараттық технологиялар саласында ғана емес, геология, тау-кен өндірісі, көлік, логистика, энергетика, қауіпсіздік және агроөнеркәсіп кешені бағыттарында да қолданылады. Ғалымдар мен студенттер пайдалы қазба кен орындарын 3D және 4D форматында модельдеу, геофизикалық мәліметтерді өңдеу, бұрғылау кезіндегі тәуекелдерді болжау, цифрлық картография және өндірістік жабдықтардың цифрлық егіздерін әзірлеу бағытында зерттеулер жүргізіп келеді.

Жасанды интеллект саласындағы практикалық даярлықты күшейту мақсатында университетте заманауи Hikvision жабдықтарымен қамтылған зертхана жұмыс істейді. Мұнда студенттер бейнеаналитика, интеллектуалды қауіпсіздік жүйелері, цифрлық мониторинг және деректерді өңдеу технологияларын меңгереді.

Студенттер мен жас ғалымдардың идеяларын нақты технологиялық өнімге айналдыруға университеттің Коммерцияландыру офисі қолдау көрсетеді. Мамандар жобаларды дамытуға, нарыққа шығаруға, серіктестер іздеуге және инвестиция тартуға көмектеседі.

 

AgroSky жобасы университетте қалыптасқан ғылыми білімнің өңір экономикасының нақты қажеттіліктерімен ұштасып жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект, геоақпараттық технологиялар және ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктерін біріктірген әзірлеме ауыл шаруашылығындағы шығындарды азайтып қана қоймай, жер ресурстарын ұтымды пайдалануға және дәлме-дәл егіншілік технологияларын дамытуға жол ашады.

Без рубрики