Абай мұрасы – білім мен болашақтың бағдары


Бүгін біз қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлын ұлықтаймыз. Оның білім, ғылым, еңбек, адамгершілік пен жауапкершілік туралы терең ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келеді.

Абай мұрасындағы маңызды ұғымдардың бірі – «Толық адам» тұжырымдамасы. Ақыл, қайрат пен жүректі бірлікте ұстауға үндейтін бұл идея білімді, еңбекқор, жауапты, адал әрі адамгершілігі жоғары тұлға қалыптастыруға негізделген.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Толық адам» қағидаттары білім беру үдерісі мен тәрбие жұмысының маңызды құндылықтарының бірі ретінде дәріптеледі. Университетіміздің мақсаты – кәсіби білімі жоғары мамандарды даярлаумен қатар, ойы озық, білімге құштар, жауапкершілігі мол, елінің дамуына үлес қосуға дайын жасампаз тұлға қалыптастыру.

Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті – білім жолындағы әрбір жас үшін маңызды өмірлік бағдар. Ұлы ойшылдың ғылым мен білімге, адал еңбек пен адамгершілікке үндеген мұрасы университетіміздің өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі құндылықтарымен үндеседі.

Абай мұрасы – халқымыздың рухани қазынасы, білім мен парасаттың қайнар көзі және жарқын болашаққа бастайтын бағдар.

Без рубрики