7 қазанда Saginov Technical University-де International Students Welcome Day өтті. Кездесу түрлі мемлекеттерден келген студенттерді бір алаңға жинап, олардың университетпен жақынырақ танысуына, жаңа ортаға бейімделуіне және өздерін қызықтырған сұрақтарға тікелей жауап алуына мүмкіндік берді.
Іс-шараға университет басшылығы, факультет декандары, шетелдік білім алушылармен жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты. Студенттерге оқу үдерісі, халықаралық бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, цифрлық сервистер, студенттік өмір, визалық және көші-қон мәселелері туралы ақпарат берілді.
International Students Welcome Day-дың биылғы маңызы ерекше. 2026–2027 оқу жылында Saginov Technical University-ге 170-тен астам шетел азаматы жаңадан қабылданды. Оның 142-сі бірінші курсқа түссе, тағы 30 шетел азаматы университетте алғаш рет ашылған дайындық бөлімінде білім алып жатыр.
Бірінші курсқа қабылданған шетелдік студенттер 13 мемлекеттің өкілдері. Олардың арасында Түрікменстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстан азаматтары басым. Ал дайындық бөліміне қабылданған шетел азаматтарының басым бөлігін Қытай мен Моңғолиядан келген білім алушылар құрайды.
Жалпы бүгінде университетте 272 шетелдік білім алушы бар. Негізгі білім беру бағдарламалары бойынша оқитын шетелдік студенттердің географиясы 16 мемлекетті қамтиды. Олардың қатарында Ресей Федерациясы, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Германия, Қытай, Украина, Қырғызстан, Палестина, Армения, Тәжікстан, Индонезия, Бангладеш, Моңғолия және Беларусь азаматтары бар.
Биыл университеттің халықаралық студенттер географиясы жаңа елдермен де толықты. Индонезия мен Бангладеш азаматтары мемлекеттік стипендиялық бағдарлама арқылы Saginov Technical University-ге алғаш рет оқуға түсті.
2026–2027 оқу жылында Қазақстан Республикасының шетел азаматтарына арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламасы бойынша университетке 10 шетел азаматы қабылданды. Олардың сегізі бакалавриатта, екеуі магистратурада білім алады. Стипендия иегерлері Палестина, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Индонезия және Бангладештен келген.
Шетелдік студенттер санының артуына университеттің халықаралық кәсіптік бағдар беру жұмыстары да ықпал етуде. Соңғы оқу жылында Study in Kazakhstan бастамасы аясында Saginov Technical University өкілдері Үндістан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстанда талапкерлермен тікелей кездесулер өткізді. Жастарға Қазақстанда жоғары білім алудың мүмкіндіктері мен университеттің инженерлік-техникалық бағыттағы білім беру бағдарламалары таныстырылды.
Сонымен қатар шетелдік талапкерлермен халықаралық білім беру алаңдары мен цифрлық коммуникация арналары арқылы тұрақты байланыс жүргізілуде. Бұл жұмыс университеттің жаңа білім беру нарықтарына шығуына және шетелдік студенттер географиясын кеңейтуіне мүмкіндік береді.
International Students Welcome Day барысында шетелдік жастардың Қазақстандағы алғашқы кезеңіне қажетті практикалық мәселелерге де ерекше назар аударылды.
Кездесуге Қарағанды облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Дидар Ибрагимович Алхамин қатысып, студенттерге Қазақстан Республикасында болу тәртібі, көші-қон талаптары, тіркеу рәсімдері және жеке қауіпсіздік мәселелерін түсіндірді.
Сонымен қатар шетелдік студенттерге SafeTravel.kz жобасы аясында тегін SIM-карталар табысталды. Бұл Қазақстанға жаңадан келген жастарға алғашқы күннен бастап байланыста болып, қажетті онлайн-сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бастапқы пакетте 1 GB интернет қарастырылған.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер университет басшылығы мен мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тікелей жауап алды. Бағдарламаның мәдени бөлігі түрлі мемлекеттерден келген жастардың бір-бірімен танысуына, еркін қарым-қатынас орнатуына және жаңа ортаға тезірек бейімделуіне мүмкіндік берді.
Шетелдік студентті университетке қабылдау – халықаралық жұмыстың алғашқы кезеңі ғана. Оның жаңа елге, қалаға және университеттік ортаға бейімделуі, қажетті ақпарат пен қолдауды дер кезінде алуы да маңызды. International Students Welcome Day осы бағыттағы жұмысты бір алаңға біріктіріп, шетелдік жастар мен университет арасындағы ашық байланысты нығайтуға бағытталған.
Шетелдік студенттер санының артуы, жаңа мемлекеттердің қосылуы және халықаралық талапкерлермен жұмыстың кеңеюі Saginov Technical University-дің халықаралық білім беру кеңістігіндегі байланысын нығайтып келеді. Университет қазақстандық инженерлік-техникалық білімді шетелде таныстырумен қатар, Қазақстанды таңдаған әрбір шетелдік студент үшін қолайлы білім беру және студенттік орта қалыптастыруға басымдық береді.