Университет ғалымдарының үш жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды


Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2026–2028 жылдарға арналған жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсының қорытындысы бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ғалымдарының үш ғылыми жобасы қолдау тапты. Жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаржының жалпы көлемі 250,8 млн теңгені құрайды.
«Энергетика, озық материалдар және көлік» басым бағыты бойынша Бахтияр Сулеевтің «Түрлі табиғатты материалдарды тиксотроптық ортада кесу кезінде дискілі жұмыс органдарының тозуы мен энергия тұтынуын азайту» тақырыбындағы жобасы мақұлданды. Зерттеуді қаржыландыруға 72,8 млн теңге бөлінді. Жоба әртүрлі материалдарды өңдеу үдерісінде қолданылатын дискілі жұмыс органдарының беріктігін арттыруға және энергия шығынын төмендетуге бағытталған.
Осы бағыт аясында Асет Ракишев жетекшілік ететін «WAAM технологиясын қолданып, берілген қасиеттері бар функционалды-градиентті материалдарды алу және оларды кейінгі механикалық өңдеу технологиясын әзірлеу және енгізу» жобасы да грант иеленді. Жобаның қаржыландыру көлемі 89,5 млн теңгені құрайды. Зерттеу заманауи аддитивті технологияларды пайдалану арқылы өндірісте қолдануға бейімделген жаңа буын материалдарын әзірлеуге бағытталған.
«Экология, қоршаған орта және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» басым бағыты бойынша Мерей Балпанованың «Әлсіреген және қабаттасқан өндірілген кеңістіктер аймақтарында кеннің қалдық қорларын игерудің инновациялық технологиясын әзірлеу» жобасы қаржыландыруға мақұлданды. Жобаға 88,5 млн теңге бөлінді. Ғылыми жұмыс тау-кен өндірісінде игерілмей қалған кен қорларын қауіпсіз әрі тиімді өндірудің жаңа технологиялық шешімдерін әзірлеуді көздейді.
Үш ғылыми жобаның конкурста жеңіске жетуі университет ғалымдарының кәсіби әлеуетін, жүргізіліп жатқан зерттеулердің өзектілігін және олардың өндірістік маңызын айқындайды. Ұсынылған жобалар энергетика, материалтану, машина жасау және тау-кен өндірісі салаларындағы нақты ғылыми-технологиялық міндеттерді шешуге бағытталған.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ұжымы жоба жетекшілерін маңызды ғылыми жетістігімен құттықтайды. Ғалымдарға зерттеулерін табысты жүзеге асырып, отандық ғылым мен өндірістің дамуына үлес қосатын нәтижелерге қол жеткізуді және жаңа ғылыми жеңістерді тілейді.

 

Без рубрики