Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті QS World University Rankings 2027 рейтингіндегі өз позициясын растады


2026 жылғы 18 маусымда халықаралық QS Quacquarelli Symonds рейтингтік агенттігі әлемдік университеттердің QS World University Rankings 2027 жаһандық рейтингінің нәтижелерін жариялады. Бағалау қорытындысы бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарындағы орнын сақтап, 1001-орынды иеленді.
QS World University Rankings 2027 рейтингінде Қазақстаннан 18 жоғары оқу орны ұсынылды. Олардың ішінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 9-орынға тұрақтады.

Жаһандық бәсекелестіктің жоғары деңгейіне қарамастан, университет бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсетіп отыр. Атап айтқанда, академиялық бедел мен тұрақты даму көрсеткіштері жақсарып, университеттің жалпы балы 17,5-тен 18,0-ге дейін өсті.

Қол жеткізілген нәтижелер университеттің интернационалдандыру стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыруының, ғылыми зерттеулерді дамытуының, халықаралық әріптестікті кеңейтудің, шетелдік ғалымдарды тартудың және халықаралық білім беру мен ғылыми-зерттеу жобаларына белсенді қатысуының арқасында мүмкін болды.

QS World University Rankings рейтингіне қатысу университеттің білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейін растайтын маңызды көрсеткіш болып табылады.

Saginov Technical University-нің QS World University Rankings 2027 рейтингіне енуі университеттің халықаралық деңгейде мойындалғанын және оның жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнының нығайып келе жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар, бұл жетістік білім беру ортасын одан әрі жетілдіруге, академиялық беделді арттыруға және университеттің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге қосымша серпін береді.

Без рубрики