Әз-Наурыз – береке мен бірліктің мерекесі


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Инновациялық технологиялар колледжімізде көктемнің шуақты мерекесі – Әз-Наурыз кең көлемде аталып өтті. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бұл мерекелік іс-шара ұстаздармен студенттерді және ата-аналарды бір ортаға біріктіріп, ерекше әсер сыйлады.

Мереке салтанатты ашылумен басталып, университетіміздің Басқарма мүшесі — әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор А.К.Калыковпен колледж директоры Н.А.Смагулованың құттықтау сөзімен жалғасын тапты. Ізгі ниет пен ақжарма тілектер айтылып, мерекеге деген сенім мен үміт нығая түсті.

Мерекенің сәнін келтірген бас ғимараттың алдына құрылған хан шатырындай киіз үйлер мен ұлттық тағамдарға толы жайылған ақ дастархандар, қазақ халқының қонақжайлылығы мен дархан көңілінің кең екенін тағы бір мәрте айқындай түсті. Наурыздың басты нышандарының бірі – молшылық пен кеңпейілділік көрінісі көрінді.

Шара барысында қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі – бата беру рәсімі өткізілді. Ақсақалдар мен ұстаздардың ақ батасы көпшілікке рухани күш-қуат сыйлап, жастарға өнеге болды.Сахналық қойылымдар арқылы халқымыздың салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігі көркем түрде бейнеленді. Студенттер өздерінің актерлік шеберліктерін танытып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.Әсем әндер шырқалып, ұлттық билер орындалып, мерекелік кештің көркін қыздырды. Өнерлі жастардың өнері кешке ерекше сән беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Осындай мазмұнды іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, рухани тәрбиесіне оң әсерін тигізеді.

Без рубрики