Астанада екі күндік халықаралық воркшоп өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өкілдері — стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Қанапьянов Тимур Ерболатұлы және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің әдіскері Ғабитова Дана Маратқызы қазақстандық ұйымдардың Horizon Europe бағдарламасына қатысу мүмкіндіктерін талқылауға, сондай-ақ сыни маңызы бар шикізат материалдары саласындағы халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған халықаралық воркшопқа қатысты.

Іс-шара Еуропалық комиссия мен Nazarbayev University қолдауымен ұйымдастырылды. Воркшопқа университеттер мен ғылыми ұйымдардың өкілдері, индустриялық серіктестер, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобалардың іске асырылуын сүйемелдейтін ұйымдар қатысты.

19–20 қаңтар күндері қатысушыларға Horizon Europe бағдарламасына қатысудың практикалық аспектілері, оның ішінде өтінім беру ережелері, халықаралық консорциумдарды қалыптастыру тетіктері және серіктестерді іздеу құралдары ұсынылды.

Аталған воркшоп қазақстандық ұйымдардың Horizon Europe бағдарламасына қатысу аясын кеңейтуге, серіктестік байланыстарды нығайтуға, технологияларды бірлесіп дамытуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ отандық ғылымды жаһандық зерттеу және инновациялық желілерге интеграциялауға бағытталған ұзақ мерзімді әрі жүйелі халықаралық ынтымақтастықты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырылады.

Без рубрики