18 қыркүйекте Saginov Technical University-де Басқарма Төрайымы – Ректор Сауле Сагинтаеваның жетекшілігімен өткен кездесуге Ректордың кеңесшілері Айдос Айтбаев пен Александр Дорошенко, сондай-ақ «IQanat» қоғамдық қорының директоры Азамат Ашамаев пен осы қордың қамқоршысы, IQClub бизнес-клубының Learning Officer-ы, TOR’RE компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Ерболат Жақсылықов қатысты.
Біздің елімізде Қор Қазақстанның шалғай ауылдарындағы мектеп оқушыларына сапалы білімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп келеді. Жыл сайын 50 мыңнан астам бала қатысатын IQanat олимпиадасын ұйымдастыру арқылы өз мектебіне (Бурабайда) оқушыларды қабылдайды, сондай-ақ ауыл оқушыларына онлайн және офлайн бағдарламалар бойынша білім береді. Мұның бәрі – жасөспірімдердің көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, жеке тұлғалық өсуіне және әркім өз әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға бағытталған.
Кездесу барысында қонақтар бизнес-клубтың қызметімен таныстырып, мазмұнды бейнероликтер көрсетті. Олар атап өткендей, IQanat қорының мектептер салу, балаларды оқыту мен тәрбиелеу жұмыстары түгелдей оның 233 қамқоршысының қолдауымен жүзеге асып отыр. Олардың қатарында YPO Kazakhstan (Young Presidents Organisation) мүшесі болып табылатын көптеген қазақстандық кәсіпкерлер бар. Олар бизнес-қауымдастықтың дамуына белсенді үлес қосып, бизнес-форумдар, білім беру кездесулері мен қайырымдылық акцияларын өткізуде.
Қорымен тығыз ынтымақтастық университетке халықаралық серіктестікті кеңейтуге, дарынды жастарды тәрбиелеу мен білім беру ісіне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Басқарма Төрайымы – Ректор Сауле Сагинтаева университеттің Қорға талантты балаларды дамыту ісінде қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Ал тараптардың нақты міндеттері мен ниеттері кездесу қорытындысы бойынша қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумда көрініс тапты.
Сонымен қатар, осы іс-шара аясында IQ Club-пен тағы бір ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іске сәт! Ортақ игілік жолындағы жұмыстары табысты болсын!