Saginov Technical University Еуроодақ елшіліктері өкілдерін қарсы алды


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Еуропалық одақ елшіліктері өкілдері мен Қарағанды облысы басшылығы арасындағы диалог алаңына айналды.

Кездесуге қазақстандық тараптан Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімінің орынбасарлары Ермек Алпысов пен Әлібек Әлденей, сондай-ақ Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың басқарма төрағасы – ректор Сәуле Сағынтаева, басқарма мүшелері, университет проректорлары және басқа да өкілдер қатысты.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атап өткендей, өңірде еуропалық компаниялардың қатысуымен бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында «Бёмер» арматура өндірісі, «Изоплюс Орталық Азия» алдын ала оқшауланған құбырлары, «Линде Газ Қазақстан» техникалық газдары мен «Соларнет» күн электр станциясы бар. – Бұл жобалар өзара мүдделердің бар екенін және осындай ынтымақтастықтың тәжірибесін кеңейтуге болатынын көрсетеді, – деді өңір басшысы.

– Біз жаңа инвестицияларға, технологиялық серіктестіктерге және қолданбалы ғылыми-зерттеу жобаларына мүдделіміз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесу аясында делегация назарына энергетика, көлік, машина жасау, тау-кен және өзге де салаларды қамтитын Saginov Technical University-дің ғылыми және инновациялық жобалар көрмесі ұсынылды.

Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, болашақтағы әріптестіктің негізгі бағыттарын айқындады.

Университет басшылығы еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдіріп, халықаралық байланыстарды нығайтудың және жаһандық білім беру мен ғылыми кеңістікке интеграцияланудың маңыздылығын атап өтті.

Еуропалық Одақ елшіліктері өкілдерінің Қарағанды облысына сапары аясында тарихи жадыны сақтау мен жазықсыз құрбандардың рухына тағзым ету басты мақсаттардың бірі болды. Облыс аумағында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарында зардап шеккендерге арналған бірнеше ескерткіш бар. Солардың ішінде Спасск мемориалдық кешені – ең ірісі әрі символикалық мәні жоғары нысан.

Айта кету қажет, 31 мамыр Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде ресми түрде белгіленген. Осы күнге орай еліміздің барлық өңірлерінде естелік іс-шаралар өткізілді: білім беру ұйымдарында арнайы сабақтар ұйымдастырылып, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, еске алу митингілері өтті.

Өз кезегінде қонақтар өзара тиімді серіктестіктің нақты мысалдарын атап өтіп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын екендіктерін жеткізді. Олар Қазақстанмен, соның ішінде Қарағанды облысымен бірлесіп жұмыс істеудің барлық негізгі бағыттарында зор әлеует бар екенін ерекше атап өтті.

Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ еліміздің жетекші техникалық университеттерінің бірі ретінде бұл ортақ іске өз үлесін қосуда. Қазіргі заманғы технологияларды енгізу және қолданбалы ғылымды дамыту бағытындағы күш-жігердің нәтижесінде «Картех» инновациялық-индустриялық хабы университет базасында құрылып отыр. Бұл – білім мен ғылымды ұштастыруға бағытталған стратегиялық қадамның нәтижесі.

Без рубрики