1 ҚЫРКҮЙЕК – БІЛІМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!


Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен мүмкіндіктердің бастауы. Бүгін мыңдаған студент үшін университет аудиторияларында жаңа білімге, тәжірибеге және кәсіби қалыптасуға бастайтын кезекті маңызды кезең басталады. Ал университет табалдырығын алғаш аттаған бірінші курс студенттері үшін бұл күн – студенттік өмірдің алғашқы парағы.

2026–2027 оқу жылын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті рекордтық көрсеткішпен қарсы алып отыр. 70 жылдан астам тарихында алғаш рет университетке 4 мыңнан астам жаңа білім алушы қабылданды. Олардың 1 409-ы мемлекеттік білім беру грантының иегері.

Биыл еліміздің әр өңірінен келген жастар Saginov University-ді таңдады. «Серпін» бағдарламасы бойынша 415 жас, Батыс өңірлеріне арналған квота аясында Маңғыстау облысынан 116 түлек қабылданды. Ал биылғы талапкерлер арасындағы ең жоғары нәтиже – 127 балл.

Университеттің халықаралық білім кеңістігіндегі географиясы да кеңейіп келеді. Жаңа оқу жылында 125-тен астам шетел азаматы университет студенті атанды. Олардың қатарында Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия және басқа мемлекеттерден келген жастар бар. «Study in Kazakhstan» бағдарламасы аясында Бангладештен де талапкерлер қабылданды.

Бүгінде Saginov University инженерлік-техникалық білімнің дәстүрлі бағыттарымен қатар заманауи IT саласын дамытуға ерекше назар аударады. Ақпараттық технологиялар, цифрлық шешімдер мен жаңа технологияларды білім беру және ғылыми-зерттеу үдерісіне енгізу – университет дамуының маңызды бағыттарының бірі.

Сонымен бірге студенттердің білім алуына және кәсіби дамуына қажетті қолдау мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. Бакалавриат студенттерінің мемлекеттік шәкіртақысы 52 372 теңгені, магистранттардыкі 117 098 теңгені, докторанттардыкі 262 500 теңгені құрайды.

Университет – тек мамандық меңгеретін орын емес. Бұл – жаңа идеялар туатын, ғылыми ізденістер басталатын, кәсіби тәжірибе жинақталып, болашаққа бағыт айқындалатын орта. Сондықтан Saginov University үшін әр студенттің сапалы білім алып қана қоймай, ғылымда, инновацияда, IT саласында, шығармашылық пен қоғамдық өмірде өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау маңызды.

4 мыңнан астам жаңа білім алушының университетті таңдауы – үлкен сенім әрі үлкен жауапкершілік. Осы сенімді сапалы біліммен, заманауи ғылыммен, мықты мамандар даярлаумен және нақты нәтижелермен ақтау – университеттің басты міндеті.

Жаңа оқу жылы студенттеріміз үшін тың идеялар мен жарқын жетістіктерге, оқытушылар мен қызметкерлер үшін нәтижелі еңбек пен жаңа кәсіби белестерге толы болсын!

Білім күні құтты болсын!
Жаңа оқу жылы сәтті басталып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашсын!

Без рубрики