Жастар арасында есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға және синтетикалық есірткілердің таралуы мен қолданылуының алдын алуға бағытталған тренинг өтті


2022 жылғы 13 қыркүйекте «Жастар Әлемі» МО жастар арасында есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға және синтетикалық есірткілердің таралуы мен қолданылуының алдын алуға бағытталған тренинг өтті.  Жиында #AslanSpeak авторы, «Ассамблея Жастары» дебаттар лигасы» жобасының үйлестірушісі Смагулов Асылан коуч-жаттықтырушы ретінде сөз сөйледі.

Спикер жастарға тыйым салынған заттардың қауіптілігі туралы ескертті, сондай-ақ қызықты тәжірибелер жүргізіп, студенттерді синтетикалық есірткінің қоршаған ортаға таралуы мен пайдалану проблемасына бей-жай қарамауға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, психоактивті заттарды қолданудың ауыр салдары тек қалпына келтірілмейтін ағза функциясының бұзылуына ғана емес, сонымен бірге ауыр психикалық бұзылуларға, мидың зақымдалуына әкеледі. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық заңнамасында көзделген есірткі құралдарын пайдалану және тарату салдары туралы да ұмытпаған жөн.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 297 бабына сәйкес есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту не өткізу мерзімі бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты ірі мөлшерде жасалған нақ сол әрекеттер – алты жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Білім беру ұйымдарында не көрінеу кәмелетке толмаған адамға жасалған нақ сол әрекеттер — он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы «Синтетикалық есірткіні тұтынудың артуы қазақстандық ұлттың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Динамика күрт теріс бағытта өсіп отыр: соңғы үш жылда айналымнан алынатын «синтетика» көлемі 10 есеге артқан. Синтетикалық есірткінің жыл сайын арзан әрі қол жетімді болуы қоғамды алаңдатады. Бұл қауіпті заттар әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы еш кедергісіз сатылуда және тіпті үйге жеткізіледі. Осы аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуға тиіс. Сондықтан нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірлеу қажет», — деп атады.

Без рубрики