Қытай делегациясы Saginov Technical University-не жұмыс сапарымен келді


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігінің делегациясы, сондай-ақ Шихэцзы университетінің өкілдері жұмыс сапарымен келді.

Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігінің Өнеркәсіптік жабдықтарды дамыту орталығының делегациясын Жабдықтарды зерттеу бойынша Бірінші және Екінші басқармалар директоры Ин Фэн бастап келді. Бұл олардың КарТУ-ға алғашқы сапары болып табылады.

Шихэцзы университетінің делегациясы құрамында – Машина жасау және электротехника мектебінің деканы және профессоры Чжан Руоюй, осы мектептің профессоры Ма Хэшати Наби Хан, Халықаралық алмасу орталығының оқу бөлімі директоры Дон Тяньлей және Магистратураны басқару және пәндерді дамыту офисінің директоры Ли Сиян.

КарТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков Шихэцзы университетімен ынтымақтастық он жылдан астам уақыт бойы берік серіктестікке негізделгенін атап өтті. Университеттер қос диплом бағдарламаларын, академиялық мобильділікті және бірлескен зерттеулерді табысты жүзеге асыруда.

Қонақтарға университет туралы бейнеролик көрсетіліп, тараптар пікір алмасып,  ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін.

Кездесу барысында Шихэцзы университеті мен Қарағанды техникалық университеті арасында «Double Degree» қос диплом бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қосымша келісімге қол қойылды. Құжатта бағдарламаның негізгі параметрлері,  оқу мерзімі мен академиялық талаптар нақтыланған.

Тараптар бұл сапардың ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынын және білім мен ғылымды дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Соңында делегация университеттің оқу, ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық инфрақұрылымымен танысты.

Без рубрики