Варшава профессоры Saginov Technical University-де оқыту семинарын өткізді


1 қазан күні Saginov Technical University-де студенттер мен оқытушыларға арналған оқыту семинары өтті. Оны шетелдік дәріскер – Варшава технологиялық университетінің профессоры Maria Ganzha жүргізді.

Семинарға Басқарма мүшелері – стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов пен ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев те қатысты.

Семинардың тақырыбы – «Ғалымдар мен оқытушылардың #Erasmus+, #Horizon, #WorldBank және басқа да халықаралық ғылыми-зерттеу гранттары жобаларына қатысуы» – университет үшін аса өзекті мәселе болды. Себебі оқу орны халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуын жандандыруды мақсат етеді.

Семинарға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырған жайт – Maria Ganzhaның халықаралық жобалардың тікелей қатысушысы әрі Еурокомиссияның гранттық жобаларды қарастыратын сарапшысы ретінде мол тәжірибесі бар екендігі.

Бұл салада үлкен білімі бар маман ретінде ол өз тәжірибесімен бөлісіп, құнды кеңестер берді. Дегенмен ол қазіргі таңдағы жоғары бәсекелестік жағдайында халықаралық грантты иелену үшін үлкен еңбек пен күш-жігер қажет екенін атап өтті.

«Қайдан бастау керек? Қатысушыларға қандай талаптар қойылады? Өтінімді қалай дұрыс рәсімдеу керек? Байқаулар туралы қажетті ақпаратты қайдан алуға болады?» – осы және басқа да сұрақтарға семинар барысында толыққанды жауап берілді.

Семинарға жоғары баға берген Тимур Канапьянов қатысушылардың атынан шетелдік қонаққа мазмұнды дәрісі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ халықаралық ғылыми-зерттеу байқауларына қатысуды қалайтындарға пайдалы кеңестері үшін ризашылығын жеткізді.


Без рубрики