«Цифрлық автоматтандыру» бағыты бойынша CASE-IN®️ халықаралық инженерлік чемпионатының Студенттік лигасының іске қосылуы туралы


CASE-IN®️ халықаралық инженерлік чемпионатының ұйымдастыру комитеті 2026 жылы Студенттік лиганың жаңа бағыты – «Цифрлық автоматтандырудың» іске қосылғанын хабарлайды. Аталған бағыт XIV Халықаралық инженерлік чемпионат CASE-IN негізгі маусымы аясында жүзеге асырылады.

CASE-IN чемпионаты – инженерлік кейстерді шешу бойынша халықаралық деңгейдегі ең ірі жарыстар жүйесінің бірі. Ол Ресей Федерациясының Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ «Россия – страна возможностей» президенттік платформасының қолдауымен өткізіледі. Жоба студенттер мен жас мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ өнеркәсіптің жетекші салалары үшін кадрлық әлеует қалыптастыруға бағытталған.

2026 жылы «Цифрлық автоматтандыру» бағыты алғаш рет іске қосылып отыр. Бағыт индустриялық серіктес – «АК Алтыналмас» АҚ-ның қатысуымен жүзеге асырылады. Кейс компанияның нақты өндірістік материалдары негізінде әзірленіп, тау-кен байыту кешендерінде цифрлық және автономды технологияларды енгізу мәселелеріне арналған.

Қатысушыларға «Ақбақай» кен-байыту комбинатының ашық тау-кен жұмыстары жағдайында автономды самосвал технологияларын қолдану тақырыбы бойынша инженерлік тапсырманы шешу ұсынылады. Кейс аясында студенттер:

  • әлемдегі карьерлерде қолданылатын пилотсыз самосвал технологияларына талдау жүргізуі;
  • өздерінің технологиялық шешімдерін ұсынуы;
  • ұсынылған шешімдердің экономикалық тиімділігін дәстүрлі тәсілдермен (операторы бар дизельді самосвалдарды пайдалану) салыстыра отырып бағалауы тиіс.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінен чемпионатқа 8 студенттік команда тіркеліп, өз жобаларын ұсынып, жүлделі орындар үшін бақ сынайды.

Чемпионат қорытындысы бойынша индустриялық серіктес – «АК Алтыналмас» АҚ жеңімпаз командаларды өндірістік нысандарында ақылы тағылымдамадан өтуге шақырады. Бұл қатысушыларға нақты өндірістік үдерістермен танысып, заманауи технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауға, сондай-ақ кәсіби байланыстар орнатып, болашақ еңбек жолына жол ашуға мүмкіндік береді.

«Цифрлық автоматтандыру» бағытының іске қосылуы өнеркәсіптің цифрлық трансформациясының өзекті үрдістерін көрсетіп, студенттерге заманауи инженерлік технологиялар саласында кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Без рубрики