Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына орай «Тұранның тарлан тұлғасы» атты аймақтық ғылыми-теориялық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шараны университеттің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков ашып, қатысушыларға игі тілегін білдірді. Дөңгелек үстел барысында Қарағанды медицина университеті Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының профессор-ассистенті Кәмшат Әбдірахманова, Е.А. Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университеті Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Нұртас Смағұлов, Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сауле Қасымова және кафедраның профессор-ассистенті Бахриден Нұғман баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар – Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. қауымдастырылған профессор Зауре Қартова, аталған кафедраның аға оқытушылары Шолпан Темиржанова, Зауреш Нурлигенова.
Әлихан Бөкейханов – көрнекті қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы, сондай-ақ тарихшы, этнограф, ғалым және дарынды публицист. Оның өмірі мен қызметіне қатысты Е.А. Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің, Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың және Қарағанды медицина университетінің студенттері өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстел қорытындысында сөз сөйлеген қонақтар мен белсенділік танытқан студенттерге Алғыс хаттар табысталды.


















