«ТҮЛЕК-2023» ЖӘРМЕҢКЕСІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ


20 жылдан астам уақыт бойы «Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ» КеАҚ-да жыл сайынғы Түлектер Жәрмеңкесі өткізіліп келеді.

2022 жылғы 7-8 желтоқсанда ЖОО-да «Түлек-2023» Жәрмеңкесі өтті.

«Түлек-2023» Жәрмеңкесін өткізудің мақсаты «ЖОО түлегі – жұмыс беруші» өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады. Жәрмеңке жұмыс беруші компаниялардың кең ауқымына бакалавриат, магистратура және PhD докторантураның 74 білім беру бағдарламасы бойынша оқуын аяқтайтын университет түлектерімен кездесуге мүмкіндік берді.

Тікелей кездесу барысында жұмыс берушілер жұмыс іздеушілерді бос жұмыс орындарымен таныстырып, неғұрлым бәсекеге қабілетті үміткерлерді іріктеді.

Биыл Жәрмеңке жұмысына ЖОО-ның 2365 түлегі және 120-дан астам ірі жұмыс берушілер қатысты, олардың ішінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Пархоменко атындағы ҚМЗ» АҚ, «Имсталькон» АҚ, «Jusan Bank» АҚ, «Maker» КЛМЗ» ЖШС, «QazTechna» ЖШС, «Борусан Макина» ЖШС, «GeolProject» ЖШС, «Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты» ЕМК», «ЕРАМ Kazakhstan» ЖШС, «ҚТЖ-ГП» ЖШС, «Қазпромавтоматика» ЖШС сияқты жүйе құраушы кәсіпорындар және тағы басқалар бар.

Жәрмеңкені өткізудің көп жылдық тәжірибесі жұмыс берушілермен өзара іс-қимылдың бұл түрі жұмысқа орналастыру мәселелерін шешудің тиімді тетігі болып табылатынын көрсетті. Бүгінгі таңда 2021 жылғы жұмыспен қамтылған түлектердің саны ӘТВЕАО-ның деректері бойынша 93%-ды құрады.

Университеттің атқарушы директоры А.З. Исағұлов, факультет декандары: тау-кен – Г.С. Жолдыбаева; машина жасау – И.И. Ерахтина; энергетика, автоматика және телекоммуникация — Ф.Н. Булатбаев; көлік-жол – Б.К. Құрмашева; инновациялық технологиялар – Г.Е. Самашова; сәулет- құрылыс – М.Ө. Иманов, экономика және менеджмент – В.В. Бирюков және кафедра меңгерушілері жұмыс берушілермен одан әрі ынтымақтастықта жұмыс атқаруға тілектерін білдірді.

Жәрмеңке жұмысына Қарағанды облысының ғана емес, «Соколов-Сарыбай» КБК, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Altyntau Kokshetau» АҚ (тау-кен байыту комбинаты) сияқты еліміздің басқа өңірлерінің өнеркәсіп кәсіпорындары мен компанияларының өкілдері қатысты.

Олардың көпшілігінде өздерінің техникалық жоғары оқу орындары болса да, өз кәсіпорындарында Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың түлектерін көргісі келеді.

Университеттің мансаптық өсу орталығы жыл сайын түлектердің өндірістік ілгерілеуін қадағалау бойынша мониторинг жүргізеді. Диплом алушы студенттер жұмыс берушілермен кәсіби және диплом алдындағы практикадан өту мүмкіндігін талқылады. 140-тан астам кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды.

«Түлек-2023» Жәрмеңкесі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті және түлектер үшін де, жұмыс берушілер үшін де өте тиімді болды.

Без рубрики