Студенттер мен магистранттардың ізбасарлары дайын


Альберт Эйнштейн «Керексіз ақпарат пен қағидалармен толтырылмаған ми ең керемет ғылыми жаңалықтарды ашуға бейім. Ал қалған уақыттарда ол тек білгенін дамытумен ғана шектеледі» — деген екен. Ғалымның бұл сөзімен келіспеу мүмкін емес. Сондықтан мектеп жасындағы балалардың ғылыми жобалармен жастайынан айналысуы өте маңызды іс. Бұған үлкендержағы компьютер ойындарынан алыстататынбір құрал деп қарамай, өмірдің маңызды қажеттілігі деп барынша жақсы қолдау көрсетуі тиіс.

13 және 14 сәуір күндері ҚарМТУ-да ҚР Кіші ғылым академиясының43-ші республикалық және47-ші аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциялары аясында оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларының сайысы өтті. Сайысқа облыс және қала мектептерінен 62 жоғарғы сынып оқушылары қатысып, техника салалары бойынша жаңа жобалар мен ғылыми баяндамаларын ұсынды.

Кіші ғылым академиясы құрылған алғашқы күннен бастап 47 жыл бойы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті аталмыш ұйымның барлық бастамаларына мықты қолдау көрсетіп келе жатыр. Осы мерзім ішінде жасөспірімдер жасаған жүздеген жобалар ҚарМТУ оқытушыларының жетекшілігімен қолданысқа енгізіліп, академия қабырғасынан түлеп ұшқан оқушылар білім ордамыздың студенттері және магистранттары қатарына қосылған еді.

Екі күнге созылған сайыс нәтижесі бойынша төмендегі оқушылар биылғы жылдың жеңімпаздары атанды:
Информатика және микроэлектроника пәні бойынша чемпион атағына № 101 мектеп-лицейдің оқуышысы Екатерина Никитина ие болды;
География және сәулет пәні бойынша бірінші орынға Жезқазған қаласының №8 гимназиясының оқушысы Асылхан Темірбектің, Қарағанды қ. Балалар және жасөспірімдер сарайының тәрбиеленушісі Вильям Городецкий және Қарағанды қ. № 63 ЖББОМ-тің оқушылары Андрей Юрин мен Евгения Иванованың жобалары лайық деп табылды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар табысталды.

Без рубрики