ҚарТУ-дің «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, университеттің қауымдастырылған профессоры Нұрлыбек Әубәкіров Түркияның «Кастамону» университетінде 3 айлық тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама барысында Н. Әубәкіров «Кастамону» университетінің «Қазіргі түрік диалектері мен әдебиеттері» бөлімінің студенттеріне «Қазақ тілі» пәнінен практикалық сабақтар өткізіп, түрік лингвист-ғалымдарының семинар-лекцияларына қатысу арқылы кәсіби біліктілігін арттырды. Сонымен қатар профессор Orhan Söylemez мырзаның ұйымдастыруымен өткен «Ғылыми зерттеу әдістемесі» курсынан өтіп, сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ «Кастамону» университетінде қазақ және түрік студенттерімен 25 қазан – Республика күніне орай мәдени-танымдық кездесу өткізіп, Қазақстанның егемендігі, тарихы мен дамуы туралы баяндама жасады.
Тағылымдама Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Түркия Республикасының «Кастамону» университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.






