Saginov Technical University өкілдері ректор Сауле Сагинтаеваның жетекшілігімен ферросилиций өндіру кешені «Qaragandy Power Silicon» ЖШС- ында жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында: аппарат басшысы Аристотель Исагулов, ғылым және инновация жөніндегі проректор Али Мехтиев, Үздіксіз білім беру институтының директоры Нұрлан Алтынбеков, «Металлургия және машина жасау» факультетінің деканы Астра Макашева, HR бойынша ректор кеңесшісі Алия Орсаева, металлургия және жаңа материалдар кафедрасының меңгерушісі Дастан Аубакиров болды.
«ҚарТУ заманауи өндіріс талаптарына сай мамандар даярлауда үлкен мүмкіндіктерге ие. Университет кәсіпорындарда кафедра филиалдарын ашуға дайын, қазіргі таңда олардың саны 49. Сонымен қатар, мақсатты дайындыққа мүмкіндік бар, бүгінде 178 студент кәсіпорын есебінен оқып, болашақ кадр резервін қалыптастыруда. Біз ғылыми жобаларға қатысуға және қайта даярлау курстарын ұйымдастыруға дайынбыз, бұл жылдам өзгеріп жатқан нарық талаптарына сай кадрлар дайындауда аса маңызды фактор», – деп атап өтті ректор Сауле Сагинтаева.
Кездесу қорытындысында тараптар кадр даярлау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік оқыту салаларында өзара серіктестік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, делегация кәсіпорынның негізгі өндірістік учаскелерін аралап, олардың жұмысымен және заманауи технологиялық процестерімен танысты.









