Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде кезекті Ғылыми кеңес отырысы өтті. Күн тәртібінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының грант иегерлерінің жұмыс кестесін орындау мәселелері қаралды. Грант иегері атанған оқытушылар атқарған жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелері жөнінде есеп берді.
Отырыс барысында Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов факультеттердің 2025 жылға арналған Университетті кешенді дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі есебін ұсынды. Проректор білім беру сапасын арттыру, оқу процесін цифрландыру, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және студенттерді қолдау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Ғылыми кеңесте білім сапасын арттыру және университеттің ғылыми қызметін дамыту бойынша басқа да басым бағыттар тыңдалып, талқыланды. Басқарма төрағасы – Ректор Сауле Сагинтаева университеттің стратегиялық дамуында кешенді бағдарламаның жүйелі орындалуының маңызды екенін атап өтіп, құрылымдық бөлімшелер мен факультет декандарына жыл соңына дейін жұмысты жандандыруды тапсырды.