STU-де «Ұлттық диктант» республикалық жобасы өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде 2025 жылдың 6 қарашасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Ұлттық диктант» республикалық жобасы іске асырылды.

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні аясында ұйымдастырылған іс-шараны «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, доцент К.С. Калыбекова, доцент Қ.М. Хамзина және оқытушы, п.ғ.м. А.Б. Біраяқ бірлесе өткізді.

Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіру, ұлттық бірегейлік пен тіл мәдениетін нығайту.

«Ұлттық диктант» республикалық жобасын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Калыков ашып, диктант жазуға жиналған қауымға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

Бұл жобаға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттары және студенттер қауымы белсенді қатысты. Қатысушылар қазақ тілінде сауатты жазу дағдыларын көрсетіп, мемлекеттік тілге деген құрмет пен сүйіспеншіліктерін танытты.

«Ұлттық диктант» іс-шарасы тіл мәдениетін насихаттауға және мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан өзекті жоба болды. Өз тарапымыздан осындай жобалардың өткізілуі өте маңызды деп есептейміз.

Без рубрики