Saginov Technical University жанынан Қарағандыдағы алғашқы Эко-Хаб ашылды


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті жанынан білім беру және тәжірибелік кеңістік – Эко-Хаб ашылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен ашылып отырған орталық экологиялық бастамаларды, студенттік жобаларды және тұрақты даму саласындағы заманауи технологияларды біріктіретін платформа болып табылады.

Бұл Қарағандыдағы алғашқы пилоттық алаң. Эко-Хабта пластикті ұсақтауға арналған велошредерлер, қалдықтарды сұрыптауға арналған арнайы контейнерлер орнатылған. Болашақта студенттер қалдықтарды қайта өңдеп, олардан пайдалы заттар жасай алады. Сондай-ақ, экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған шеберлік сыныптары өткізіледі.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей ашылу салтанатында Эко-Хаб алаңын құру экологиялық бастамаларды дамытуға, табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауға және қоғамды қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Салтанатты ашылудан кейін ECO Network жобасының негізін қалаушы, экобелсенді Евгений Мухамеджанов жаңа алаңның экологиялық жобаларды, зерттеулерді және студенттік бастамаларды дамытудағы мақсаттары, жұмыс бағыттары мен мүмкіндіктері туралы айтты.

«Эко-Хабта студенттер тұрақты даму принциптерін үйреніп, өз жобалары мен стартаптарын жүзеге асыра алады. Бұл алаңның білім беру, тәжірибе, экологиялық бастамалар және студенттердің шығармашылығын біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және инновацияларды дамытуға ықпал ететініне сеніміміз мол», – дейді Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы — ректоры Сауле Сагинтаева.

Ашылу техникалық форматта өтті. Жақын арада Эко-Хаб жұмысы жанданып, жобалар, шеберлік сыныптары және практикалық тұрақты даму дағдылары бойынша білім беру іс-шаралары өтетін орынға айналады.