Saginov Technical University мен Екібастұз политехникалық колледжі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Екібастұз политехникалық колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылды. Аталған құжат техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары білім беру жүйесі арасындағы сабақтастықты нығайтуға, білікті кадрлар даярлау сапасын арттыруға бағытталған.

Келісімшартқа университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков, Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Нұрбибі Смағұлова және Екібастұз политехникалық колледжінің директоры Қанат Қоянбаев қол қойды.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары

Шартты іске асыру мақсатында тараптар өзара ынтымақтастықтың келесі басым бағыттарын айқындады:

  • білім беру қызметін жүзеге асыруға және бірлескен жобаларды ілгерілетуге бағытталған ортақ іс-шаралар ұйымдастыру;
  • білім беру және кәсіптік қызмет саласындағы тәжірибе мен білім алмасу;
  • ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту, мәліметтермен алмасу;
  • кадрларды кәсіби даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, тағылымдамалар ұйымдастыру;
  • оқу жоспарларын әзірлеу және өзектендіру бойынша бірлескен жұмыс жүргізу;
  • кадрлар даярлау үдерісінде әріптестік байланыстарды нығайту;
  • кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу;
  • колледждердің оқу, әдістемелік, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-өндірістік қызметін жетілдіру;
  • халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келетін білікті кадрлар даярлауды жетілдіру мақсатында колледждердің материалдық-техникалық, кадрлық, зияткерлік және өзге де ресурстарын тиімді пайдалану;
  • тараптар келіскен әрі өзара мүдделілік танытқан ынтымақтастықтың өзге де бағыттарын жүзеге асыру.

 

Аталған келісім техникалық және кәсіптік білім беру мен жоғары білім беру арасындағы сабақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде білім беру бағдарламаларын үйлестіруге, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау сапасын арттыруға және түлектердің кәсіби бейімделуін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Saginov Technical University серіктестік байланыстарды кеңейту арқылы сапалы білім беру мен ғылыми-инновациялық қызметті дамыту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.

Без рубрики