Saginov Technical University халықаралық байланыстарды нығайтуда


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Сауле Сагинтаева Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің басшылығымен делегация құрамында Пәкістанда болды.

Кездесулер аясында маңызды шаралардың бірі – Қарағанды техникалық университеті мен Bahria University арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Bahria University инженерия, информатика, менеджмент, жер және қоршаған орта туралы ғылымдар тағы да басқа зерттеулерін қамтитын пәнаралық бағдарламаларды ұсынады. Университет Ұлыбританияның Достастық университеттері қауымдастығының мүшесі болып табылады.

«Аталған келісім Saginov Technical University-нің халықаралық позицияларын нығайтудағы маңызды қадам деуге болады және университеттің жаһандық білім беру және ғылыми кеңістікке интеграциялануға бағытталған стратегиялық бағытын айқындайды.

Bahria University-мен ынтымақтастық ғылымды, білім беруді және инновациялық қызметті дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашып, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті ректор Сауле Сагинтаева.

Сапар аясында сонымен қатар, ҚарТУ филиалын Пәкістандағы университеттерінің бірінің базасында ашу мәселесі талқыланды. Бұл қадам екі ел арасындағы білім беру және ғылыми байланыстарды тереңдетуге, сондай-ақ инженерлік және техникалық ғылымдар, жасанды интеллект, ғылыми кадрлар даярлау және біліктілікті арттыру салаларында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Без рубрики