Saginov Technical University-ге БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының делегациясы келді


2024 жылғы 23 шілдеде Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-ға БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының делегациясы келді. Делегацияны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаментінің директоры Сәуле Сабиева, ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің басқарма басшысы Жанат Игисинов және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаментінің бас сарапшысы Динара Мелдекулова бастап келді.

Делегация құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының Метан шахтасы және әділ ауысу жөніндегі сарапшылар тобының төрағасы Раймонд Пилчер; Advanced Resources International вице-президенті Кларк Талкингтон; Оуэн Хадден және Клэй Оверхолт (ARI); Жан-Симон Д’Амур-Сир (Biothermica); Ярослав Нецки (Краков техникалық университеті, AGH); Лукаш Зендзель мен Себастьян Пискорж (OMAG); Clean Air Task Force ұлттық кеңесшісі Сабыр Асылбеков болды.

Мәртебелі қонақтарды Басқарма төрағасы – ректор Сәуле Сағынтаеваның атынан қарсы алған Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев университеттің әрдайым нәтижелі халықаралық ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтіп, көрсетілген құрмет үшін алғыс білдірді.

Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректор Тимур Қанапьянов делегация мүшелеріне университет туралы презентация ұсынып, оның құрылу тарихы, даму кезеңдері, ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуеті туралы баяндады.

Кездесудің алдында қонақтарға Қазақстандағы бірегей тау-кен металлургия кешеніндегі метан энергетикасына арналған сынақ зертханасы бар ғылыми-эксперименттік база көрсетілді. Халықаралық сарапшылар зертхананың әлеуетін жоғары бағалап, қолданбалы зерттеулер мен технологиялық алмасу саласындағы ынтымақтастық болашағына қызығушылық танытты.

Қонақтар өз сөздерінде университет өкілдеріне жылы қабылдау мен ағылшын тіліндегі қызықты презентациялар үшін алғыс айтып, ынтымақтастықты дамытуға дайын екендерін білдірді. Сондай-ақ, университет ғалымдарын халықаралық сарапшылар тобының жұмысына белсене қатысуға шақырды.

Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың бұл халықаралық шараға қатысуы – оның өнеркәсіптік қауіпсіздік, экологиялық мониторинг және Қазақстанның көмір өнеркәсібінің тұрақты дамуы мәселелерін шешуге елеулі үлес қосуға қабілетті жетекші ғылыми орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Без рубрики