Қарағандыда алғашқы өңірлік жоба – «Талдау мектебі» іске қосылды. Бұл – өңірдің тұрақты дамуы жолында салмақты әрі негізделген басқарушылық шешімдер қабылдай алатын жаңа буын аналитиктерді даярлауға бағытталған ауқымды бастама.
Жоба Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Талдау мектебі» жобасына іріктеу үш кезең бойынша жүргізіліп, жастардың қызығушылығын тудырды. Оған 90-нан астам өтінім түсті.
Көпсатылы іріктеу қорытындысы бойынша 40 мықты қатысушы жобаның финалистері атанды. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер және ірі бизнес өкілдері бар. Олардың ішінде Kazakhmys компаниясының қызметкері, «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» кафедрасының екінші курс докторанты Санжар Шерубаев бар (ПҚКБ кафедрасының жанындағы докторлық диссертацияның ғылыми жетекшісі, т.ғ.к., доценті Саят Исағұлов). Бұл кәсіпорын мамандарының кәсіби дайындығының жоғары деңгейін, олардың заманауи талаптарға сәйкес дамуға деген ұмтылысын көрсетеді.
«TALDAU» жобасы (Талдау мектебі) алғаш рет Астанада ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен іске қосылды. Бүгінгі таңда жаңа форматтағы сарапшылардың кәсіби қауымдастығын қалыптастыратын төрт ағым іске асырылды.
Сондай-ақ, Қарағандыдағы жобаға қатысушылар кәсіби даму мен жеке мотивацияны біріктіретін белсенді өмір салты, командалық өзара іс-қимыл және корпоративтік мәдениет құндылықтарына бейілділігін атап өтіп, дәстүрлі TALDAU RUN марафонына қатысты.
Бағдарлама аясында қатысушылар нақты басқару және өндірістік міндеттерге байланысты аналитикалық құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған қарқынды курстан өтті.
Оқыту барысында олар:
- Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына барып, онда заң шығарушы органның жұмысымен танысып, тақырыптық сессияларға қатысты;
- цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Д. Мунның оқыту модулінен өтті;
- ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов өткізген модульге қатысты;
- Мәжіліс депутаттары мен жетекші салалық мамандар жүргізген сараптамалық сабақтарда болды
- Ұлттық статистика бюросындағы сарапшылардың модулінен өтті.
Бағдарлама қорытындысы бойынша қатысушылар өздерінің аналитикалық жобаларын сәтті қорғап, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы мен облыс әкімі атынан берілген сертификаттарға ие болды.















