Saginov Technical University делегациясы Шанхайға (ҚХР) жұмыс сапарымен барды


25-28 наурыз күндері Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Сауле Сагинтаева және ғылым мен инновациялар жөніндегі проректоры Али Мехтиев Қарағанды облысы әкімдігінің делегациясы құрамында Шанхайға (ҚХР) жұмыс сапарымен барды.

Университет өкілдері жетекші кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдарды аралап, тәжірибе алмасты: China Heavy Gas Turbine Co., Shanghai University of Electric Power және SPIC International (Shanghai Power Company). Бұл сапар Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне жаңа мүмкіндіктер ашып, білім беру, ғылым және индустрияны біріктіре отырып, саланы дамытуға заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.

Делегация Цзянсу провинциясындағы Нанкин авиация және аэроғарыш университетіне барып, академиялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Бағдарлама аясында сондай-ақ телекоммуникация, киберқауіпсіздік және электроника саласында жетекші орынға ие Нанкин пошта және телекоммуникациялар университетінде болып (NJUPT), академиялық алмасу, қос диплом бағдарламаларын және бірлескен зерттеулерді қамтитын Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ректор Сауле Сагинтаева атап өткендей, Шанхайға сапар аясындағы бұл бастамалар университетке жаңа мүмкіндіктер ашып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.

Без рубрики