Saginov Technical University-де «A-Z Geology» компаниясының негізін қалаушы Азамат Жұмағалимен кездесу өтті


Business Skills Park алаңында өткен кездесуге «Геология және пайдалы қазбалар орнын барлау» кафедрасының студенттері жиналды. Азамат Жұмағали геологиялық барлау саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби геолог, MSc дәрежесінің иегері. Ол құрылымдық геология мен геологиялық барлау әдістемесі саласында жоғары біліктілікке ие. Өз тәжірибесінде әртүрлі генезистік кен орындарымен жұмыс жасаған: полиметалды (Рудный Алтай), мыс-порфирлі (Балқаш-Іле, Чаткало-Кураминская және Моңғол магмалық доғалары), эпитермалды алтын, инфильтрациялық уран, хром және ванадий.

Соңғы жылдары Азамат шетелдік тағылымдамалардан өтті: АҚШ-та («Порфирлі Cu, Mo және Au кен орындары», «Геотехниктерге арналған құрылымдық геология», Аризона), Грецияда («Вулкандық жыныстарды сипаттау және далалық анықтау», Милос аралы), Кардифф университетінде («Барлау және тау-кен инженері мамандарына арналған құрылымдық геология»). 2025 жылы ол Сауд Арабиясы Корольдігінде СП Ma’aden Ivanhoe Electric үшін геологиялық консалтинг жобаларын жүргізді. Кездесу жылы атмосферада өтті. Студенттер түрлі сұрақтар қойып, спикердің кәсіби тәжірибесіне үлкен қызығушылық танытты.

Кездесу соңында Азамат Жұмағали жастарға мақсатқа сенімді қадам басуды, жаңа дағдыларды меңгеруді және мансап жолында алғашқы қадамдарды батыл жасауды тіледі. Ұйымдастырушылар мен студенттер мазмұнды және қызықты лекция үшін ризашылықтарын білдірді.

Без рубрики