Saginov Technical University-де Ғылыми кеңестің отырысы өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында алдымен студенттердің жетістіктері атап өтілді. Халықаралық волонтерлар жылы аясында өткен форумда «Ақниет» волонтерлік ұйымы қоғам игілігіне қосқан үлесі үшін «Қамқор жүрек» номинациясымен және 150 000 теңге сертификатымен марапатталды. Ұйым жетекшісі, С-23-2 тобының студенті Айым Тілеш Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың дипломына ие болды. Сонымен қатар, облыстық «Көктем Аруы – 2026» байқауында Гран-при жеңіп алған Арх-24-2 тобының студенті Айкуним Бактыбай 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Университеттің басқарма төрағасы-ректоры Сауле Сагинтаева студенттерді жетістіктерімен құттықтады.

Ғылыми кеңестің күн тәртібіне сәйкес Халықаралық ынтымақтастық департаментінің 2025 жылда атқарылған жұмысы туралы департамент директорының міндетін атқарушы Баян Маударбекова баяндама жасады. Университет интернационалдандыру бағытында тұрақты дамуды көрсетуде: 44 студент шетелдік жоғары оқу орындарында білім алды, 56 магистрант пен докторант халықаралық тағылымдамадан өтті, университетте 116 шетелдік студент білім алуда, 20 жаңа халықаралық келісім жасалды. Еуропа және Азия университеттерімен ынтымақтастық кеңейіп, академиялық ұтқырлық пен Erasmus+ бағдарламалары жүзеге асырылуда, қосдипломды білім беру дамып, профессор-оқытушылар құрамының халықаралық бастамаларға қатысуы артуда. Жиын қорытындысы бойынша Департаменттің қызметі қанағаттанарлық деп танылып, халықаралық байланыстарды кеңейту, академиялық ұтқырлықты арттыру және шетелдік студенттерді тарту бойынша міндеттер айқындалды.

Сондай-ақ, Үздіксіз білім беру институтының 2025 жылда атқарылған жұмыстары және «Күміс университет» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы институт басшысы Нұрлан Алтынбеков баяндама жасады. Есептік кезеңде Институт тұрақты өсім мен тиімділікті көрсетті: 500-ден астам қызметкер біліктілігін көтерді, 700-ден астам тыңдаушы ақылы курстарды аяқтады, білім беру қызметтерінен түсетін кіріс үш есе өсті. Арнайы назар «Күміс университет» бағдарламасына аударылды, ол егде жастағы азаматтар арасында жоғары сұранысқа ие. Ғылыми кеңес аталған бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Кәсіпорындар мен әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық кеңейіп, заманауи білім беру технологиялары енгізілуде.

Ғылыми кеңес қорытындысы бойынша білім сапасын арттыруға, цифрлық шешімдерді енгізуге және университеттің аймақтағы рөлін нығайтуға бағытталған негізгі даму бағыттары анықталды.

Без рубрики