Ғылым күні қарсаңында Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың Энергетика, автоматика және телекоммуникациялар факультетінің ұйымдастыруымен Семей ядролық полигонының жабылуының 35 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға белгілі қазақстандық суретші, Қазақстанның Ізгі ниет елшісі Кәріпбек Күйіков, Данияның Christian Daily басылымының журналисті Мартин Ларсэн, «The Times of Central Asia» тәуелсіз басылымының журналист-документалисті Ильяс Отан, сондай-ақ Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өкілдері, университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Бағдарлама аясында қонақтарға университет мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Кәріпбек Күйіков музей қорына «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовтің кітабын тарту етті. Шара аясында ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ «Невада – Семей» қозғалысының белсендісі Кәріпбек Күйіков антиядролық бастамалар аясындағы халықаралық тәжірибесімен және жеке өмір жолымен бөлісті. Тағдыр тауқыметіне қарамастан, оның шығармашылығы гуманистік идеяларға, болашаққа деген сенімге толы. Кездесу соңында суретші университетке өзінің туындысын сыйлады.
Дөңгелек үстел барысында ядролық сынақтардың тарихы, экологиялық және әлеуметтік салдарына арналған баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, «Энергетикалық жүйелер» кафедрасының аға оқытушысы Бекболат Мағауин, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Төлеуова, PhD, өндірістік процестерді автоматтандыру кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қаршыға Смағұлова, физика кафедрасының аға оқытушысы Юлия Кузнецова және басқа да қатысушылар баяндама жасады.
Іс-шара қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, алдағы кәсіби мереке – Ғылым күнімен құттықтады.











