27 қарашада Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде «Академик Ә.С. Сағыновтың ғылыми-академиялық мұрасы: сын-қатерлер мен болашағы» ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті. Шара көрнекті ғалым, академик, Социалистік Еңбек Ері, жоғары техникалық білімнің ұйымдастырушысы және қазақстандық инженерлік мектебінің негізін қалаушылардың бірі Әбілқас Сағыновтың 110 жылдығына орайластырылған.
Мерекелік жиынның басында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты жеткізілді. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлының бейнеқұттықтауы көрсетілді.
«Әбілқас Сағыновтың тағдыры мен ғалымдық жолы — еліміздің индустриялық қалыптасу тарихымен тікелей астасып жатыр. Ол Қарағанды өңірінің, жалпы Қазақстанның өндірістік әлеуетін көтеруге, инженер кадрларын даярлауға әрі ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайтуға ерекше еңбек сіңірді. Ұстаз, ғалым, басшы ретінде ол бірнеше инженерлер буыны мен зерттеушілерге жол көрсетіп, ғылыми мәдениет пен жауапкершіліктің биік үлгісін қалдырды. Оның еңбектеріндегі ғылымға адалдық, елге қызмет ету, жас ұрпақты қолдау қағидаттары бүгінгі мемлекеттік ғылыми-саясаттың мәнімен толық үндеседі», – делінген министр Саясат Нұрбектің құттықтау хатында.
Пленарлық бөлімнің жұмысына тау-кен өндірісінің өкілдері, ғылыми қауымдастық өкілдері, ғылым ардагерлері, университет түлектері, еліміздің жетекші университеттері мен зерттеу орталықтарынан құрметті қонақтар қатысты. Жиналғандар академик Сағыновтың инженерлік білім беруді дамытуға, ұлттық кадрларды даярлауға және тау-кен өнеркәсібінде инновацияларды енгізуге қосқан үлесін ортаға салды. Академик құрған ғылыми мектеп инженерлерді дайындауда маңызды рөл атқарып, елдің минералды-шикізат кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етті. Академиктің модернизация мен инновациялық дамуға қатысты идеялары әлі күнге дейін тау-кен, металлургия және энергетикалық салалардың дамуында өзектілігін жоғалтқан емес. Профессорлар И. Арыстан, Т. Интыков, А. Исагуловтар академиктің педагогикалық мұрасын, жас ғалымдар мен инженерлерді тәрбиелеудегі көзқарастарын көрсететін ғылыми-тaрихи және жеке естеліктерін алға тартты. Оның қолдауымен алғашқы қазақ топтары ашылған болатын.
Конференцияға Әбілқас Сағыновтың немересі Аскар Сағынов та қатысты. Ол өз сөзінде академиктің ғылыми дәстүрлердің сабақтастығы мен инженерлік білімді дамытуға арналған көзқарастарының өзектілігін ерекше атап өтті.
Социалистік Еңбек Ері, академик, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, тау-кен инженері және Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Әбілқас Сағынов Қарағанды тау-кен, кейінірек политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды техникалық университеті) 30 жылдан астам уақыт басқарды. Сол жылдары оқу орны елдің жетекші ЖОО айналып, Қазақстанның әр өңірінде техникалық білім берудің дамуына елеулі үлес қосты. Университеттің 72 жылдық тарихында оның қабырғасынан шыққан жүз мыңнан астам жоғары білікті маман ғылым, өндіріс, білім беру және мемлекеттік басқару салаларында еңбек етіп, аlma mater-дің мәртебесін жоғары көтеріп келеді.
«Әбілқас Сағынов тау-кен ісі, Жер ғылымдары және инженерлік білім саласындағы бүгінгі ғалымдар мен оқытушылардың жетістіктерінің іргетасын қалады. Сол уақыттан бері Қарағанды политехникалық институты қазақстандық өнеркәсіп үшін басты инженерлік кадрлар даярлайтын мектеп болып қала береді. ҚарТУ ғылым мен білімді дамыта отырып, ел экономикасына және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қызметін жалғастырып келеді», – деді Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Сауле Сагинтаева.
Конференция аясында, сондай-ақ, өнеркәсіп өкілдері, ғылыми қауымдастық қызметкерлері, университет серіктестері мен инженерлік білімнің дамуына, ғылыми зерттеулерге және университет пен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан қызметкерлер мерейтойлық медальдармен, ведомстволық төс белгілерімен және алғыс хаттармен марапатталды. Қарағанды техникалық университетінің қызметкерлері ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және инженерлік кадрларды даярлаудағы елеулі үлесі үшін «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Геология комитетінің, Ұлттық тау-кен ғылым академиясының және «Dragmet» Қауымдастығының марапаттары академиктің ғылыми дәстүрін жалғастырып келе жатқан жетекші мамандар мен ғалымдарға табыс етілді.
Шара барысында Ә.С. Сағыновтың өмірі мен қызметіне арналған энциклопедияның таныстырылымы өтті, онда академиктің Қазақстанның инженерлік мектебінің қалыптасуына және салалық ғылымның дамуына қосқан үлесі жан-жақты баяндалған.
Конференцияның секциялық отырысында академиктің техникалық білім беру мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі, геология және кен пайдаланудың перспективалары, сондай-ақ тау-кен ісіндегі заманауи технологиялар мен инновациялар, энергетика, автоматтандыру және өнеркәсіптегі телекоммуникациялар мәселелері талқыланды.
Ғылыми-практикалық конференция Әбілқас Сағыновтың мұрасын терең түсінуге және Қазақстанда инженерлік ғылымның басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берген маңызды ғылыми іс-шараға айналды.

















