Saginov Technical University-де 11-сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиада өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті талапкерлермен жүргізілетін кәсіптік бағдар беру жұмыстары аясында мектеп оқушыларына арналған дәстүрлі білім беру іс-шараларын жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.

Соның бірі – 11-сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиада. Бұл шара талапкерлермен жүргізілетін кәсіптік бағдар беру жұмысының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Таяуда өткен пәндік олимпиада математика, физика, информатика, химия, биология, қазақ тілі және Қазақстан тарихы пәндері бойынша ұйымдастырылды. Зияткерлік жарысқа жалпы 439 оқушы қатысып, олардың 163-і екінші кезеңге жолдама алды.

Білім бәйгесінің басты мақсаты – оқушылардың пәндік білім деңгейін анықтау ғана емес, сонымен қатар болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру. Олимпиада қорытындысы бойынша жүлделі орын иеленген талапкерлерге университеттің ақылы бөліміне оқуға түскен жағдайда оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, I орын иегерлеріне – 15%, II орынға – 10%, III орын иегерлеріне 5% жеңілдік беріледі.

Алдағы уақытта да университет мектеп оқушыларымен байланысты нығайтып, кәсіби бағдар беру бағытындағы іс-шараларды жалғастыра бермек.

 

Без рубрики