Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті осы жылғы білім сынағында бағын сынап, үлкен жетістікке жеткен барлық жасты шын жүректен құттықтайды! 2025 жылы 77 мыңнан астам талапкер мемлекеттік грант иегері атанып, арманына қадам басты.
Сіздердің білімге деген талпыныстарыңыз, қажырлы еңбектеріңіз және асқақ армандарыңыздың тоғысқан сәтіне куә болу – біз үшін үлкен мәртебе.
Өмір жолында әр адам түрлі асулардан өтеді. Кейде үлкен жетістікке жету үшін кішігірім сынақтардан сүрінбей өту қажет. Егер биыл мемлекеттік білім грантына іліге алмаған болсаңыз – бұл білім алу мүмкіндігінің таусылғанын білдірмейді. Грант – бір ғана жол, ал сіздің мақсатыңызға деген сеніміңіз, талабыңыз бен табандылығыңыз – нағыз жетістікке жетелейтін басты күш.
Сіз үшін ашық басқа да мүмкіндіктер бар:
- Жергілікті әкімдік гранттары – өңірлердің сұранысына сай мамандар даярлау және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 1 700-ден астам грант бөлінді.
- Жұмыс берушілердің арнайы гранттары – оқу бітірген соң мамандық бойынша жұмыспен қамту кепілдігін береді.
- Қазақстан халқына қоры гранттары – биыл біздің университетке осы қордан 5 грант бөлінді.
Қолдау шаралары:
Saginov Technical University әлеуметтік тұрғыдан осал және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ жоғары үлгерімі мен білімге деген ұмтылысы бар студенттерге 500 ноутбук таратады. Бұл – студенттердің заманауи білім алуға қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ұжымы сіздерді мақсаттан таймауға, білім мен дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге және оларды барынша тиімді пайдалануға шақырады. Армандарыңызға жету жолында әр қадамыңыз – болашағыңыздың берік іргетасы.
Біз сіздердің табандылықтарыңызға, білімге деген ұмтылыстарыңызға және жарқын келешектеріңізге сенеміз. Алға қойған мақсатыңызға жету үшін біз әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздің арманыңыз – біздің ортақ мақтанышымыз!