Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Қазақстан – академиялық білім кеңістігі» атты стратегиялық серіктестер форумына Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Сауле Сагинтаева қатысты.
Іс-шараға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық рейтинг және аккредиттеу ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ отандық университеттердің басшылары жиналды.
Президент білім мен ғылымды шекара мен шектеу танымайтын, барша адамзатқа ортақ және стратегиялық тұрғыдан маңызды сала екенін атап өтіп, бұл форум – соның нақты дәлелі екенін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде білім мен ғылым – әлемді ілгерілететін ең қуатты қозғаушы күш, ал университет – жаңа идеялар мен жаңашыл ойлардың ұясы, зерттеу мен ізденістің орталығы екенін ерекше атап өтті.
«Қазір адамзат түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басқан кезде білім ордалары заман талабына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық. Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. Мемлекет ғалымдарға, әсіресе жас зерттеушілерге, барынша қолдау көрсетуде. Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – өте маңызды міндет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі позициялары жыл сайын нығайып келе жатқанын да тілге тиек етті.
Форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының президенті Нунцио Квакварелли, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) ректоры Анатолий Торкунов, Бейжің тілдер және мәдениет университетінің президенті Пэн Дуань, Cardiff University президенті Венди Ларнер, Woosong білім беру қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, сондай-ақ Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко және өзге де беделді қатысушылар сөз сөйледі.
 
				


