ҚР Ғылым қызметкерлері күні Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының 65 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасындағы жол құрылысы саласындағы үздік инновациялық жасалым» конкурсы өтті.


Іс — шараны өткізудің басты мақсаты – Қазақстанның қиын климаттық жағдайларында автомобиль қозғалысының экологиясы, қауіпсіздігі және жол құрылысы мәселелерін шешуге бағытталған жол құрылысындағы инновациялық шешімдерді көтермелей отырып, ғылыми қауымдастық пен жол-көлік саласын қолдау болып табылады.

Конкурсқа профессорлар, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, академиктер, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының техника ғылымдарының докторлары қатысты.

Конкурс қорытындысы бойынша 1 орын профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының зертхана меңгерушісі А. Ақбердинге және «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ PhD докторы Р. Сұлтанғазиевке берілді. Олар ыдырайтын экологиялық қауіпті металлургиялық қождарды жол құрылысы үшін қиыршық тасқа қайта өңдеудің дамыған технологиясын ұсынды. Бұл жоба Қазақстан экологиясын сауықтыру үшін, сондай-ақ металлургия өндірістерінің зиянды қалдықтары жетіп артылатын еліміздің батыс өңірлерінде жолдар салу үшін аса өзекті мәселе болып табылады.

Байқауға қатысушылар жол құрылысы саласындағы, әсіресе экологиялық қауіпсіз технологиялары саласындағы болашағы бар жаңашылдық жобаларды ұсынды. Жеңімпаздар саладағы өз әзірлемелерін одан әрі нақты өмірде жүзеге асыруға, сондай-ақ жақсы материалдық сыйақы алуға мүмкіндікке ие болды. Қазақстанда жол құрылысы саласындағы инновацияларды ынталандыру үшін конкурсты жыл сайын жалғастырып отыру туралы бастама қолдау тапты.

Без рубрики