2025 жылғы 27–28 қарашада QarTech Өңірлік инновациялық-индустриялық хабы мен «Light Engineering» ЖШС бірлесе ұйымдастырған технологиялық шешімдер хакатоны өтті. Іс-шара Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында өтіп, жарық шамдарын тіреуіштерін өндіру технологияларын жетілдіруге бағытталған практикалық инженерлік шешімдерді әзірлеуді мақсат етті.
Екі күн бойы 10 команда кәсіпорынның бес негізгі технологиялық міндетін шешу бағытында жұмыс жасады.
Хакатонның бірінші күні қатысушылар «Light Engineering» ЖШС өндірістік алаңына барып, технологиялық циклмен және өндірістің ағымдағы сын-қатерлерімен танысты. Одан кейін хакатон форматы туралы кіріспе бейнедәріс көрсетіліп, командалар модератор мен ұйымдастырушылардан менторлық кеңестер алды. Салтанатты ашылу рәсімін Басқарма мүшесі – Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Мехтиев А.Д. жүргізді.
Осыдан кейін командалар ұсынылған кейстер бойынша қарқынды жұмысқа кірісті. Келесі күні жобалар эксперттік қазылар алқасына ұсынылған қорытынды питч-сессия өтті. Қазылар алқасының құрамына Қарағанды облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері, «Light Engineering» ЖШС, «KazTechPro» ЖШС, Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты және Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ мамандары кірді.
Ұсынылған шешімдерді қарастыра келе, қазылар алқасы технологиялылығы, инновациялығы және өнеркәсіптік енгізуге дайындығы жоғары төрт команданы жеңімпаз деп анықтады. Әр жүлдегер команда QarTech тарапынан 500 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
«Light Engineering» ЖШС директоры Дамир Каюмов команда әзірлеген шешім өндірістік процеске енгізілген жағдайда, ол команда кәсіпорынға әкелген бір жылдық үнемнің 10% көлемінде қосымша сыйақы алатынын атап өтті.
Салтанатты жабылу рәсімінде ұйымдастырушылар серіктестерге, қазылар алқасы сарапшыларына және хакатон модераторына алғыс хаттар табыстап, барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.
Хакатон инженерлік-практикалық бастамалардың жоғары сұранысқа ие екенін және бірлескен жобалық сессиялардың тиімділігін көрсетті. QarTech алдағы уақытта да қатысушылардың технологиялық құзыреттерін дамыту мен аймақтың өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейту арқылы өндірістік процестерге инновация енгізу мүмкіндіктерін арттыра бермек.
#QarTech #QarTechHub














