«Нығмет Нұрмақовқа 130 жыл: Тәуелсіздік — бабалар аманаты»


2025 жылыдың желтоқсан айында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 1 курс студенттері (АиУ-25-1, ВТ-25-1с, ИС-25-1с топтары) «Қазақстан тарихы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. С.С. Касимова және «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, г.ғ.м. Ш.М. Теміржанованың жетекшілігімен академик Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ тарих факультетіндегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың өмірі мен қызметіне арналған «Дәуір және тұлға: Нығмет Нұрмақов» атты тарихи-құжаттық көрмені тамашалады. Іс-шара Нығмет Нұрмақовтың туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Аса құнды, тың архив құжаттарынан құрастырылған бұл көрме — ҚР Президенті Архивінің туындысы. Осыған орай ҚР Президенті Архивінің директоры Мұстафина Әлия Құсайынқызына, құрастырушы ғалым-профессор Нұрымбетова Гүлшат Рамазанқызына зор құрмет, алғысымызды білдіреміз.

Тарихи-құжаттық көрмені Қарағанды қаласына әкеліп, ғалымдарға, оқытушылар мен студенттерге, мектеп оқушыларына, сондай-ақ қалың көпшілікке тамашалап, тарихи таным көкжиегін кеңейтіп, тұлға өмірінен тағылым алуға мүмкіндік жасаған академик Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ тарих факультетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жұмабеков Жамбыл Әзмұханұлына үлкен рахмет айтамыз, биік ғылыми шығармашылық табыстар тілейміз.

Нығмет Нұрмақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін кеңінен қамтыған архив деректерімен, құжаттарымен танысу студенттерге тарихи тұлға өмірін тереңнен тану арқылы Қазақстанның ХХ ғасырдың 20-30 жж. қоғамдық-саяси өмірі жайында мол мағлұмат береді. Қазақ халқының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, тоталитарлық жүйенің құрбаны болған тарихи тұлға өмірі — жас ұрпақты отансүйгіштікке, елге, Отанға адал қызмет етуге тәрбиелеудің жарқын үлгісі.

«Тарихты тұлғалар жасайды» — дейді халық даналығы. Ұлт тарихының күрделі кезеңінде өшпес із қалдырған көшбасшы қайраткер Нығмет Нұрмақовтың тұғыры қашанда биік.

Без рубрики