Өндіріс өкілдері бізді таңдады


19 маусым күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Үздіксіз білім беру институтында «Kazakmys Maintenance Services» ЖШС персоналды ұйымдастыруды дамыту бөлімінің бастығы Нұрлан Шағиевпен кездесу өтті. Университет тарапынан кездесуге Үздіксіз білім беру институтының директоры Нұрлан Алтынбеков, «Энергетикалық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі Елена Нешина және «Технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау» кафедрасының меңгерушісі Василий Юрченко қатысты.

Кездесу барысында Нұрлан Шағиев кәсіпорынның тау-кен-шахта жабдықтарын жөндеумен айналысатынын және мамандардың, әсіресе жұмысшы персоналдың біліктілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Ол университеттің профессорлық-оқытушылар құрамынан қызметкерлерді оқытуға көмек сұрады. Бұл ретте кәсіпорын басшылығы мұндай маңызды тапсырманы кімге сеніп тапсыру керектігін арнайы таңдағанын жеткізді.

Жабдықтарды жеткізуші компаниялар оқыту қызметін өздері ұсынғанымен, Нұрлан Шағиев оқытуды тәуелсіз әрі жабдықтар туралы терең білімі бар мамандар жүргізуі тиіс деп есептейді. ҚарТУ-дың тау-кен-шахта жабдықтарына байланысты өндірістік кәсіпорындар үшін жоғары білікті кадрлар даярлаудағы табыстары туралы хабардар болғандықтан, кәсіпорын басшылығы оқытуда дәл осы университетпен ынтымақтастық орнатуға шешім қабылдаған.

Кездесу мақсаты – персоналды оқытуға байланысты мәселелерді алдын ала талқылау болды. Сабақтарды бастау үшін ең қолайлы уақыт – жаңа оқу жылының басы, яғни қыркүйек-қазан айлары. Осы кезеңге дейін қызметкерлердің дайындық деңгейін тексеріп, оларды білім деңгейіне қарай топтарға бөлуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, оқу форматы мен ұзақтығы да нақтыланатын болады. Бірқатар басқа да ұйымдастырушылық сұрақтар шешімін тапқаннан кейін, тараптар оқытуға қатысты шартқа қол қоюға кіріседі.

Тараптардың процесті жеделдетуге деген өзара ниеті бұл жобаның көп ұзамай жүзеге асуына үміт береді. Ал болашақ сабақтар өндірісшілер үмітін толық ақтайтыны сөзсіз.

Без рубрики