Бүгін, 4-қыркүйек күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжінің Логистика 9/24-1, КЭС 9/24-1 топ студенттеріне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелер таныстырылды.
Білім алушылармен кездесуді спикер-директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Умирбекова Гүлжазира Шамшибекқызы өткізді. Президент Жолдауында айтылған тоғыз негізгі бағыт бойынша тоқталып, ел экономикасының өсуі, жұмыспен қамту және қаржылық сауаттылық, құқықтық сауаттылық мәселелері қозғалды. Технологиялық инновациялардың бастауында тұрған жобаларды іске асыруда техникалық мамандарды дамытуға көңіл аударғандығына кеңірек тоқталды.
Студенттермен пікір алмасу барысында Жолдаудың бірінші тармағында айтылған, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімдікті жою жолдары жайында түсіндірді.
Сонымен қатар, жолдауда 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғандығына тоқталып өтті. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталғандығын айтты. Әділетті Қазақстанды құрудағы жастардың рөліне тоқталып, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде орын алып жатқан елеулі өзгерістерге назар аударылды.
Студенттер Жолдаудың мазмұнын терең ұғынуға тырысып, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, екі жақты байланыс орнатылды. Мемлекет басшысының айтқан басты идеялары мен ұсыныстарын саралау арқылы студенттер мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының басым бағыттарын нақтылап, өздеріне ой түйді деп ойлаймыз. Бұл олардың азаматтық белсенеділігін арттырып, болашақта еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға ынталандыратыны сөзсіз.