Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген ауқымды сұхбатында өткен жылы атқарылған негізгі жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жылға арналған міндеттер туралы пікірлерін ортаға салды. Қазіргі таңда бұл сұхбатта көтерілген мәселелердің қоғам үшін сапалы талдау мен мазмұнды ақпараттың маңызы зор екендігін көптеген басылымдар жарыса жазып жатыр. Осыған орай мен де өз пікірімді білдіруді жөн санадым.
Қойылған сұрақтардың барлығы да оқырманға жақын, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қамтыған. Соған сәйкес Президенттің жауаптары да ел көңіліндегі түйткілдерді дөп басқан деуге болады. Алғашқы сұрақтың өзінде баспа басылымдарының жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән беріп, ағартушылықпен айналысып отырғанын атап өтіп, олардың бүгінгі таңдағы қоғамдағы рөлін жоғары бағалады. Адамның ойлау және танымдық қабілетіне елеулі зиян келтіретін әлеуметтік желілер кеңінен тараған заманда газет материалдарының дәстүрлі құндылықтарды сақтауға қосып отырған үлесі туралы пікірі де көңілімізден шықты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның цифрлық державаға айналуы керектігін баса айтқан. Ол туралы бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы, деп атап өтеді.
Сонымен қатар, технология саласындағы әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке жағдайында Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп отырғанына тоқталды.
Президент бұл салада еліміздің бастапқы мүмкіндіктері жаман емес екенін, мемлекеттік қызметтерді, қаржы технологияларын және экономиканың бірқатар секторын цифрландыруда нақты жетістіктер бар екенін атап өтті. IT-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Ал, өткен жылғы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтаған.
Тағы бір қуанышты мәселе – кадр даярлау мақсатында мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университеті ашылмақ. Президент бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізгендей баяндады. Шынында да талай жұмыстар атқарылған.
Мұнымен қоса сенімді энергия көздері, жер қойнауынан сирек кездесетін металдар өндіру сияқты аса маңызды мәселелер бойынша да сұрақтарға нақты жауаптар береді. Еліміз сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдегі көшбасшы елдер қатарына қосылуы мүмкін. Экономиканы өркендету, кәсіпкерлік туралы жауаптары да елді елең еткізері сөзсіз. Өйткені, қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» ордені енгізілгенін айтып өтті. Енді Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осындай жоғары наградаға ие болады.
Президент басқа да сұрақтарға орнықты жауаптар қайтарып, жұртшылыққа маңызды жаңалықтар жеткізді. Ендігі міндет – осы айтылғандардың барлығын алдағы уақыттың нақты бағдарламасы ретінде қабылдап, оны жүзеге асыру үшін бүкіл ел болып жұдырықтай жұмыла барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ
Маркетинг және PR департаментінің қызметкері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.