Saginov Technical University-де дәстүрлі «Мансап Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған бакалавриат, магистратура және докторантура түлектері, сондай-ақ өңірлік және республикалық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Шара барысында 70-ке жуық жұмыс беруші компания өздерінің ашық вакансияларын ұсынып, студенттермен тікелей кездесу өткізді.
Жәрмеңкенің ресми ашылуында университеттің әлеуметтік тәрбие ісі жөніндегі проректоры Абай Қалықов, Қарағанды облысы Қарағанды облысының Еңбек мобильдігі орталығының жетекшісінің орынбасары Дәурен Қошкаралиев және кәсіпорын өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, студенттерді мансап жолындағы алғашқы қадамдарымен құттықтады.
«STU – Орталық Қазақстандағы техникалық білім берудің көшбасшысы болып қала береді. Оқу орны еңбек нарығындағы сұраныстарды ескере отырып, мамандарды мақсатты түрде даярлайды. «Мансап Start» жәрмеңкесі жоғары курс студенттері мен түлектер үшін жұмыс табудың тамаша мүмкіндігі. Жұмыс берушілерге белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіріп, студенттерге сәттілік тілейміз», – деді Абай Қалықов.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Тау-кен факультеті, Сәулет-құрылыс, Металлургия және машина жасау, Инновациялық технологиялар, Энергетика, автоматика және телекоммуникациялар, Транспорт, логистика және инженерлік экономика факультеттерінен 1500-ге жуық студент қатысты.
Іс-шара студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы тікелей байланысты нығайтып, университеттің еңбек нарығымен серіктестігін одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар, жас мамандарға кәсіби жолын сенімді бастауға мүмкіндік береді.









