Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ел тарихының елеулі кезеңдеріне арналған тағылымды шара — «Әлімхан Ермеков мұраларының тарихи маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды ғылыми жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне, сондай-ақ, қазақтан шыққан алғашқы математик, Алаш қайраткерлері — Әлімхан Ермеков, Темірбек Жүргенов пен Дәмеш Ермекова-Жүргенованың тарихи мұрасына арналды.
Пленарлық отырыстың ашылу салтанатын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жүргізді. «Әрқайсымыз Алаш арыстарының тағдырын біліп, ел үшін еткен еңбектерін ұмытпауымыз тиіс. Оларды ұлықтау баршамызға міндет,» — деп атап өтті. Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев бұл басқосудың мәні мен маңыздылығына тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи тұлғалардың еңбегін бағалауға, ұлықтауға қатысты біршама бастамаларын атап өтті. «Әлімхан Ермеков, Темірбек Жүргенов, Дәмеш Ермекова-Жүргенова сынды Алаш арыстары — қазақтың іргесін қалаған қайраткерлер. Олардың тағдыры мен ғылыми, саяси мұрасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани өзегі. Бүгінгі конференция – жай ғана ғылыми жиын емес, бұл — ұлттың өз тарихымен тілдесуі, өткенмен сабақтасқан болашаққа бағдар,» — деп түйіндеді.
Басқарма Төрағасы – Ректор Сауле Сагинтаева, қоғам қайраткерлері мен ғылыми қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, алаш арыстарының рухына тағзым етті. «Әлімхан Ермеков – біздің университет тарихымен тікелей байланысты, дара тұлға. Университетіміздің қабырғасында оның есімін ұлықтау – біз үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік. Бүгінгі конференция – ұрпақ санасына ұлт қайраткерлерінің өлшеусіз еңбегін сіңірудің жарқын көрінісі,» — деді.
Конференция барысында тарих ғылымының белгілі өкілдері мазмұнды баяндамалар жасап, Алаш мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын нақты деректер мен архивтік құжаттар негізінде талдады. Олардың қатарында Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, профессор Бүркітбай Аяған, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Айгүл Ісімақова және өзге де белгілі зерттеушілер бар.
Қызылорда облысынан арнайы келген делегация мүшелері — қоғам қайраткерлері Әмір Шаймағанбетов пен Жібек Әмірханова өз баяндамаларында Темірбек Жүргенов пен Дәмеш Ермекова-Жүргенованың ұлттық мәдениет пен білім саласына қосқан үлесін атап өтті. Дәмеш Ермекованың алтын сағаты мен орамалын «Бұл тарихи жәдігерлер – саяси қуғын-сүргін құрбаны болған қайраткердің өмірі мен күресін айғақтайтын құнды дерек болып облыстық мұражайдан орын алатыны мен үшін үлкен мәртебе,»- деп Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайына ресми түрде табыстады.
Конференцияның екінші пленарлық бөлімінде модератор, Басқарма мүшесі- Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков сөз алып, ғылыми баяндамалар легін жалғастырды. Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің туған жиені Гаянэ Цой жеке естеліктерімен бөлісті.
Конференция аясында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бірегей баяндамаларымен көпшілік назарына ой салды. Қоғам қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың құрметті төрағасы Ансат Сәби, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Сағымбай Жұмағұл өз баяндамаларын оқыды.
Ермековтанушы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Өскембаев «Әлімхан Ермеков мұраларының өміршеңдігі» атты баяндамасында Ермековтің ғылыми еңбектерін бүгінгі инновациялық даму үдерістерімен сабақтастыра отырып, оның идеяларының өзектілігін ашып көрсетті. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының үздік өлкетанушысы, жүргеновтанушы, Дәмеш Ермекова-Жүргенованың өкіл баласы Бекарыстан Мырзабай «Дәмеш Ермекова-Жүргенованың күрескерлік тұлғасы» баяндамасында репрессия жылдарында қаһармандық танытқан қайраткер әйелдің қайсар болмысы мен рухани беріктігіне баса назар аударды.
Конференцияның секциялық отырыстарында «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Д. Шорманбаева, «Жоғары математика» кафедрасының меңгерушісі В. Журов, «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы З. Нурлигенова сөз алып, конференция тақырыбын одан әрі өрбітті.
Өткенге тағзым – болашаққа аманат. Алаш арыстарын ұлықтау арқылы университет ұжымы жас ұрпаққа ұлттық рух пен ел тарихын насихаттауды жалғастыра бермек.