Әлемдік дәрежедегі ғалыммен кездесу


2018 жылдың 23 ақпаны күні ҚарМТУ-дың бас корпусының 338 аудиториясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ғасыр адамы» атағының иесі, ҚарМУ профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Әбділдаұлы Көкетаевпен студенттер мен оқытушылардың кездесуі өтті.
Іс-шараға ҚарМТУ-дың Қазақстан тарихы, Қазақ тілі және мәдениеті кафедраларының оқытушылары, М.О. Әуезов атындағы кітапханасының Өлкетану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты Гүлайым Рашитқызы Жылтыбаева қатысты.
Баяндамашылар жиналған студенттерге Темірғали Әбділдаұлының ғылыми, оқытушылық қызметіндегі жетістіктеріне тоқталып, оның өмірлік жолымен таныстырды. Әсіресе, профессорға 1999 жылы Кембридж (Ұлыбритания) биография халықаралық орталығы тарапынан «Ғасыр адамы» атағы берілгендігіне тоқталып, оның өмірбаяны «ХХ ғасырдың көрнекті тұлғалары» атты кітапқа енгізіліп, күміс медальға ие болғандығы көрсетілді. 2001 жылы ғалымға «Халықаралық жыл ғалымы» атағы, алтын медаль және Халықаралық орталықтың дипломы ұсынылған. 2006 жылы Темірғали Әбділдаұлы Оксфорд университетінде түрлі елден келген студенттер мен ғалымдарға дәріс оқыды.
2009 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру саласының құрметті қызметкері» атағы берілген.
Қарағанды қ-ның Құрметті азаматы Темірғали Әбділдаұлының әңгімесін студенттер ұйып тыңдады. Кездесу аясында олар ғалымға өздерінің авторлық туындыларын оқып, сұрақтар қойды.

Без рубрики