Дуалды білім беру – болашақтың білімі


Жоғары техникалық білім беру жүйесінде мамандардың практикалық даярлығын сапалы жақсарту үшін оқу процесіне дуалды оқыту элементтерін, оның ішінде қазіргі заманғы қолданбалы біліктілік орталықтарын құру негізінде дамыту мен енгізудің маңызы зор. Дуалды оқытуда болашақ маманға кәсіпорындағы жұмыс процесінде қажетті құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік беретін теорияның практикамен өзара байланысы қағидаты іске асырылады. Мұндай оқыту өндірістің нақты сұраныстарына барынша жақындатылған, бұл ретте жұмыс берушілердің өздері қажетті деңгейдегі мамандарды даярлауға қатысатын болады.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаһандық бәсекелестік және мазмұнындағы және кәсіптер тізіміндегі жылдам өзгерістер жағдайында өмір бойы үздіксіз өз бетінше білім алу кезінде сұранысқа ие маман болуға болады. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының әлеуеті көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасымен ғана емес, сондай – ақ еңбек адамы – азамат пен кәсіпқойды қалыптастыруға бағытталған «Білім – Ғылым-Инновация» үштігінің дамуымен де айқындалады. Құзыреттіліктің кең спектрі мен бәсекеге қабілетті дағдылары бар жаңа формация мамандарына ерекше сұраныс бар. Осыған байланысты техникалық жоғары оқу орындары қызметіндегі басымдықтардың бірі индустриялық-инновациялық дамудың нақты жобаларын іске асыру үшін кадрларды нысаналы даярлау болып табылады.

Дуалды оқыту шығарылатын өнімнің де, кадрлардың біліктілігінің де халықаралық сапа стандарттарына бағдарланған бизнестің қатысуымен экономиканың нақты секторы үшін мамандар даярлаудың болашағы бар бағыты болып табылады. Кәсіптік білім берудің бұл моделі нақты өндіріске бағдарланған мамандарды даярлауға мүмкіндік береді, кәсіпорынның білім беру процесіне қатысу үлесін арттырады және жеке білім беру бағдарламаларының нұсқалығын қамтамасыз етеді, білім берудің жаңа нысандарын дамыту арқылы кәсіптердің беделін арттырады және жұмысшы кадрлар біліктілігінің айтарлықтай өсуін қамтамасыз етеді.

Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау Қарағанды техникалық университетінің қызметіндегі басты басымдық болып табылады, оның базасында 12 жыл бойы Қазақстанның 70 жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарын қамтитын «Корпоративтік Университет» инновациялық-білім беру консорциумы табысты жұмыс істеп келеді.

Мамандарды даярлау процесіне дуалды оқыту элементтерін енгізу және оларды нақты өндіріс жағдайларына жақсы бейімдеу үшін ЖОО заманауи жабдықтармен жабдықталған жұмысшы мамандықтар орталықтары құрылды. Мәселен, машина жасау орталығында студенттерді кең бейінді білдекші, өнеркәсіптік жабдықты слесарь-жөндеуші, токарь, фрезерші, бұрғылаушы және ажарлаушы сияқты жұмысшы мамандықтар бойынша даярлау жүзеге асырылады.

Дәнекерлеу орталығы халықаралық аккредитациядан өтті және «АрселорМиттал Теміртау», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «ЕРСАЙ», «Богатырь Көмір» және т.б. кәсіпорындардың тапсырыстары бойынша «Халықаралық дәнекерлеу институты» клубына мүше әлемнің 56 елінде танылған халықаралық дипломдарды бере отырып, барлық деңгейдегі дәнекерлеу мамандарын даярлайды.

Сонымен қатар, консорциум кәсіпорындарында университеттің шығарушы кафедраларының 60 филиалында оқу сабақтары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қарағанды техникалық университетінің технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау кафедрасы мен «Maker» ЖШС ҚҚМЗ арасындағы ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес «Maker» ЖШС ҚҚМЗ оқу сыныптарында аптасына бір күн 8 сағат бойы дуалды оқыту нысаны бойынша сабақтар өткізіледі. Дәріс сабақтарынан басқа, кәсіпорында практикалық және зертханалық сабақтар, сондай-ақ өндірістік және дипломалды практикалар өтеді. Машина жасау кәсіпорындарын жоғары деңгейдегі мамандармен қанағаттандыру үшін кафедрада «Машина жасаудағы цифрлық технологиялар» атты жаңа білім беру бағдарламасы іске асырылуда.

 

Карантин жағдайында техникалық жоғары оқу орындарында дуалды оқытуды іске асыру қашықтықтан оқытуға көшу проблемасына тап болды. Ол үшін Қарағанды техникалық университетінде цифрлық өндіріспен байланысты 7 жаңа білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда және тағы 16 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленуде.

Салалық әріптестікті қалыптастыруда кәсіби қауымдастықтардың рөлі маңызды, бұл ЖОО мен өндірісті кооперациялау ісінде ілгерілеуге мүмкіндік береді. Бұл кооперация білім беру және біліктілік стандарттарын әзірлеуден бастап студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығына және жас мамандарды жұмысқа орналастыруға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Өйткені дуалды оқыту моделін енгізудің басты мақсаты — экономиканың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, мамандар даярлау.

ҚарТУ баспасөз қызметі

Без рубрики