Болашақ – энергия тиімді сәулетте


Халықаралық ынтымақтастық аясында Saginov Technical University-де Польшаның Ныса қаласындағы Қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры, шетелдік ғалым Адам Уймамен кездесу өтті. Бұл шетелдік ғалымдармен өткен алғашқы кездесу емес, олар біздің оқытушылармен, студенттермен және магистранттармен бірлесіп кездесулер мен семинарлар өткізуде.

Адам Уйма Архитектура-құрылыс факультетінде өткен кездесуге қатысқан оқытушылар мен студенттерді 2001 жылы құрылған Қолданбалы ғылымдар университетінің қысқаша тарихымен таныстырды. Ол классикалық университеттер мен қолданбалы ғылымдар университеттері Болон үдерісінің мақсаттарына негізделген бірдей оқыту әдісін қолданатынын және мамандарды бірдей деңгейде даярлайтынын атап өтті. Айырмашылық оқыту стилінде: қолданбалы ғылымдар университеттерінде сабақтар шағын топтарда өткізіліп, теория әрдайым практикалық жұмыстармен ұштасады.

Адам Уйма кездесуге қатысушылардың назарына «Болашақтағы энергия тиімді сәулет: технология, экология және жайлылық үйлесімі» атты дәрісін ұсынды. Ол технологияны, экологияны және жайлылықты тәжірибе жүзінде тиімді ұштастыру жолдары туралы, сондай-ақ бұл тәсілдің Польша мен өзге де Еуропа елдерінде қалай қолданылатыны жөнінде баяндады. Адам Уйманың айтуынша, бұл тақырып өзіне өте жақын болғандықтан, дәріс ерекше қызықты әрі мазмұнды өтті.

Кездесу соңында ол қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ екі университеттің ұқсас бағыттағы факультеттері арасындағы ынтымақтастық пен ғылыми серіктестікті одан әрі кеңейтіп, дамытуға ниетті екенін білдірді.

Без рубрики